«Нұрқанатқа ғана пышақ салдым»: басты айыпталушы Абзал Шынасыл сотта жауап берді

Бүгін, 16:42
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Нұрқанатқа ғана пышақ салдым»: басты айыпталушы Абзал Шынасыл сотта жауап берді
фото: видеодан алынған кадр

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысында айыпталушы Абзал Шынасыл жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Айыпталушы Абзал Шынасыл өз сөзінде, тағылып отырған айыпты толық мойындамайтынын айтты. 

 «Жартылай мойындаймын. 2024 жылы қазан айының 3-і күні үйде болатынмын.  Кешкі сағат 19.00 шамасында досым Ильясқа қоңырау шалдым. Сөйлесу барысында олар Равиль екеуі Талғар қаласында орнаалсқан «Эйфория»  кафесінде отырғандарын айтты. Сосын мен 15-20 минутта сол жерге жаяу бардым. Үшеуміз отырдық, кейін Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова келді.  Одан кейін Азамат Тоқтаубаев пен Шыңғыс Белқожаев келді.  Думан Ысқақ пен Нұрбол Тоқтаубаев келді. Сосын Нұрболдың ұялы телефонына Дархан деген жігіт хабарласты. Ол дос баласын біреу ұрып кеткенін айтты. Біз мән бермей, би алаңына кетіп қалдық. Қайтып келсек, ол кетіп қалыпты. Сосын түнгі 00:00-де кафе әкімшілігі жабыламыз деп ескертті. Сол кезде Азамат  пен Шыңғыс жоқ екенін байқадым. Сосын Азамат маған хабарласып, «Абзал, ағам Нұрбол мен оның досын Менделеев көшесінде бір балалар ұрып кетіпті. Барып алып кетейікші» деді. Біз ол уақытта өзіміз онсыз да шығып бара жатқанбыз»,- деді Абзал Шынасыл.

Ол оқиға болған  «Қамажай» дүкеніне қалай барғанын баяндап берді.

«Содан барлығы көліктерге отырып кетті. Мен көлікке сыймай, сол жерде қалып қойдым. Сосын қайтып кафе ішіне кірдім, онда танысымды кездестіріп, оған Менделеев көшесі жаққа апарып тастауды өтіндім.  Ол келісті. Көшеге жетіп қалған кезде Дана Жақсыгелді маған хабарлама жіберді. «Абзал,  мына жақта төбелес басталып кетті, қайдасың?» деп жазды. Мен бара жатқанымды айттым. Сосын нақты сол дүкенді таба алмай келе жаттық. Бірақ бір топ адамның шулап, төбелесіп жатқанын естіп, көліктен түсіп қалдым»,- деді айыпталушы.

Әріқарай төбелес қалай болғанын айтты.

«Төбеліс басталып, арасында кіріп кеткен сәтте ұзын сақалды жігіт (Нұрқанат Ғайыпбаев) маған қарай жүгірді. Мен оны он қолыммен ұрдым. Ол «Береке» деген дүкенге қарай жүгіріп кетті. Ол жерде қараңғы жерде бір көлік тұрған, маркасын байқамадым. Нұрқанат көліктің жүксалғышынан мылтықты алып шығып, оқтап, аспанға «Стоять» деп атты. Сол жағымда Нұрқияс тұрды. Балалар жоғары қарай қашты. Сол кезде мен орнымда тұрып қалдым. Ал ол 5-6 метр жақындап, көздеді. Мен оған «таста мылтығынды, сөйлесейік» дедім. Ол «атам» деп деді. Мен «атсаң ат деп айғайладым. Ол атқан кезде құлағымның жанынан өтті, үйдегі құлағым шынылдап кетті. Арамыздағы бір жігіт одан мылтықты алуға тырысты. Нұрқанат оны шалып құлатып жіберді де, өзі артқа қарай Шота Руставели көшесімен кетті. Мылтығын бізге қаратып бара жатты. Мен көшені жағалап, көрінбей бардым. Атып жібермесін деп. Барған кезде қасындағы жерге Шерзат құлады. Неден құлағанын білмейді екенмін. Шалынып құлады деп ойладым. Нұрқанат «скорый» деп айғайлаған кезде барып тептім және ұрдым», - деді Абзал Шынасыл.

Айыптау тарабы айыпталушыға Нұрқанатқа не үшін үш рет пышақ сұққанын сұрады. 

«Ол мылтық алып шыққандықтан, содан қатты ызаланып кеттім. Пышақтың тек ұшын ғана тықтым үш рет. Оны өлтіретін мақсатым болса пышақты толық тығатын едім»,- деді ол.

Қорғаушы Абзал Шынасылдың жауап парағындағы «пышақты Шерзатқа мен салып алдым» деген сөзін нақтылап сұрады. 

«Сіз жартылай мойындаймын дедіңіз. Басында Шерзат туралы ештене айтпағансыз. Сосын 16-шы томнан бастап сіздің жауабыңызда «Пышақты Шерзатқа мен  салып алдым» деген сөзіңіз бар. Соған не айтасыз?»,- деді қорғаушы. 

Абзал Шынасыл өзге айыпталушылармен сөйлесіп, өзара келіскендерін түсіндірді. 

«Мойныма алған себебім, біз Талғар қаласындағы полиция басқармасында болған кезде  тергеушілер «Бұны бір адам істеді, бір адам мойнына алмаса, барлығына қиын болады, топпен кетесіндер» деп айтты. Сосын бізді Қонаев қаласына алып кететін болды. Жолда Равиль Сахиев, Шыңғыс Белқожаев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде Равиль «мынаны бір адам істеді, бір адам мойындасын, мойындамасақ барлығымызға қиын болады» деді. Сосын менде пышақ болғаннан кейін өзімді қылмыс жасап жасырғандай болмайын деп іштей ойландым. «Алсам, мен мойныма ала салайын дедім». Қонаевқа келдік. Сол кезде бәріміздің басымыз қосылып қалды. Нұрбол маған «Абзал сенде пышақ болды ғой» деді. Мен көп ойланбай «Мен Шерзатты мойныма алам» дедім. Бірақ Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болды. Сөйтіп келістік»,- деді айыпталушы. 

Сондай-ақ ол 16 қазаннан кейінгі жауаптары құрастырылғанын айтты. 

«Мен Шерзат Полатқа пышақ кіргенін мойныма алған кезде Нұрқанатқа пышақ салғаным өзіме ауыр болмасын деп Шыңғыспен келіскен болатынбыз. Кейін Шыңғыс Белқожаев бас тартты. Содан кейін екеуін де өзіме алдым. Кейін ойландым. Мен Шерзат Полатқа пышақ салған жоқпын. Мен тек Нұрқанатқа пышақ салдым. 16 қазаннан кейінгі жауабымның барлығы құрастырылған»,- деді ол.

Абзал Шынасыл Шерзатқа кім пышақ салғанын нақты білмейтінін және Шерзатқа қол тигізбегенін айтты.

«Арамыздағылардың(сотталушылар) біреуі деп ойлаймын.»,- деді ол.

Ол өз сөзінде, Шерзатқа пышақты Шыңғыс Белқожаев салмағанын нақты айтты. 

Сонымен қатар оқиға күні Шерзаттың әжесін көрмегенін айтты. 

«Қаржаубайды да, Кадированы да көрген жоқпын.  Ең соңында анасын ғана көрдім»,- деді ол. 

Сотта Абзал Шынасыл оқиғадан кейін қолдың ізі қалмау үшін пышағын жуғанын айтты.

«Кейінірек көлік келіп, бәріміз бірге «777» дүкеніне бардық. Қыздар дүкенге кіріп кеткенде, мен пышақты алып сүрттім. Қолдың ізі қалмау үшін. Сол кезде Дана Жақсыгелдіге «Диззи» сусынын құйып берші дедім. Қолдың ізі қалмасын деп пышақты жудым. Кейін Биатлон жаққа қарай бет алдық», – деді ол.

Айыпталушы сол күні 3 дана сыра ішкенін және үйінен пышақты қорғану мақсатында алып шыққанын айтты. 

Еске сала кетейік, Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) айып тағылған. Сотта ол түрін көрсетіп, видеоға түсіруге рұқсат берді.