«Көлігімді тартып алды»: Полицияға жалған ақпарат берген павлодарлық қамауға алынды

Бүгін, 15:25
Торғын Аман Торғын Аман
«Көлігімді тартып алды»: Полицияға жалған ақпарат берген павлодарлық қамауға алынды
фото: polisia.kz

Павлодарда көлігімнен көз жазып қалдым деп полицияға жалған хабарлама берген ер адам қамауға алынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ол құны 20 млн теңге тұратын Toyota Camri 75 маркалы автокөлігін белгісіз біреу тартып алғанын айтып, полицияға шағым түсірген.

«Жәбірленушінің айтуынша, ол бейтаныс адамды Усолка өзенінің арғы бетіне апарған. Сол жақта қаскөй соққыға жығып, көлігін тартып алған. Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті шаралар қабылданды», - дейді Павлодар облысының Полиция департаменті.

Тергеу барысында автокөліктің кепілде тұрғаны анықталған.  Деректер базасын тексеру кезінде ер адамның осы көлікпен Ташкентке барғаны, ал бір күннен кейін басқа көлікпен елге оралғаны белгілі болды.

«Көрші елде де тиісті жұмыстар атқарылды, ол жақта көліктің жаңа иесі анықталды. Сонымен қатар тергеу барысында жәбірленушінің несие төлейтін ақшасы болмағаны белгілі болды.  Ер адам тонау оқиғасын желеу етіп, несиесін төлеуден құтылмақ болған», – дейді ПД баспасөз қызметі.  

Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ер адам қамауға алынды, тергеу амалдары жүріп жатыр.