Елордада пәтер ұрылары ұсталды
Астаналық полицейлер құнды тон мен қымбат бұйым жымқырған пәтер ұрыларын анықтады, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
17 шілдеде Байқоңыр ауданы полиция бөліміне арызданған қала тұрғыны Жетісай көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйіне заңсыз кірген белгісіз тұлғаларға шара қолдануды сұрады.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адамдар оның әшекей бұйымдары мен екі тонын жасырын ұрлап, 200 мың теңгедей материалдық шығын келтірген.
Аталған қылмыстық әрекет бойынша жедел іздестіру іс-шарасының нәтижесінде бұрын сотталмаған А. және Ж. есімді Астана қаласының тумалары анықталды. Тергеу барысында олар көше аралап, оңай жолмен ақша табуды көздегені белгілі болды. Жетісай көшесіндегі терезелері ашық тұрған үйді байқаған қос қаскүнем қылмыстық ниетпен ол үйге заңсыз кіріп, әйел адамның екі тонын, блендер мен ыдыс-аяқтар, сондай бағалы сырғаларды қолды еткен.
Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.