«Қазақстан» шахтасындағы өрт: Екінші жұмысшының денесі табылды
Қарағанды облысындағы шахтада авариялық-құтқару жұмыстары түнімен жүргізілді. Сағат 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды, деп хабарлады Elorda.info.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша қазір мәйітті беру шаралары жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау бойынша 4 бөлімше жұмыс істеуде, олар авариялық өндірістен температураны түсірумен айналысып жатыр. Қалған жұмысшыларды іздеп-табу үшін тағы 3 бөлімше тау-кен шығарындыларын тексеруге жұмылдырылған. Жұмысшыларымызды жедел іздеп-табуға барлық шара қабылданып жатыр», - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.
Бұның алдында 1965 жылы туған Виталий Владимирович Слюньков (жерасты электршебері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл) есімді кенші қаза тапқаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, апат кезінде жер астында 227 қызметкер болған. Апатты жою жоспарын дереу енгізу арқылы 222 адамды жер бетіне жедел көтеріп шығарды..Қалған үш кеншіні іздестіру жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта желдетудің дұрыс режимін қалпына келтіру және кеншілерімізді іздеуді жалғастыру үшін өртті оқшаулау жұмыстары жүзеге асып жатыр. Құтқару қызметтерінің 12 бөлімшесі жұмыс үстінде. Біз марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз, оларға барынша қолдау көрсетеміз, - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.
Компания апаттың себептерін толық тергеу үшін мемлекеттік органдармен бірігіп қызмет етіп жатыр.