Атырау облысында әкімдік қызметкері ағаштан құлап, жарақат алған

Атырау облысында әкімдік қызметкері ағаштан құлап, жарақат алған
Фото: freepik

Оқиға басшылықтың тапсырмасын орындау кезінде болған. Зардап шегушінің ауруханада жатқаны айтылса да, алайда әкімдік оған қолдау көрсетуді қажет деп таппаған, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Желіде тараған ақпаратқа қарағанда, аудан әкімі Абат Жанғалиев зардап шегушіге бармаған, ал аппарат басшысы Данияр Ердешов зардап шегушінің әйеліне әкіммен кездесуге рұқсат бермеген. Көрсетілген жалғыз көмек, зардап шегушінің айтуынша, такси үшін берілген 4000 теңге. Сондай-ақ полицияның қылмыстық іс қозғамағаны, прокуратураның болған оқиғадан бейхабар екені де айтылады. Бір апта өтсе де тергеу әлі басталмаған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі аудан әкімдігіне сілтеме жасап, жағдайға қатысты түсініктеме берді. Әкімдік зардап шеккен аудан әкімдігінің қызметкерінің қызметтік тапсырманы орындау кезінде жарақат алғанын жоққа шығарады. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 22 қаңтарында Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының аула тазалаушысы аумақтағы бұтақтарды өз бетінше кесу кезінде зақым алған. Дереу ауруханаға жатқызылып, алдымен аудандық ауруханаға, кейін Атырау облыстық ауруханасына ауыстырылды.

«Жұмыс беруші қолдауды, оның ішінде заң шеңберінде құқықтық қолдау мен материалдық көмек көрсетеді. Бұл оқиға туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдарына хабарланып, тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтан «бұтақтарды өз бетінше кескені рас па?» деп нақтылап сұрадық.

-Оның қызметтік тапсырманы орындау кезінде жарақат алғанын жоққа шығарасыз ба?

- Қолда бар ақпаратқа сәйкес, сол күні ағаштарды кесуге тапсырма болмаған, - деп жауап берді Р.Жұмағазиев.