Астаналық полицейлер жоқ көлікті сатқан алаяқты анықтады
Полицейлер жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық фактілері бойынша 26 жастағы Ақмола облысының тумасын анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Тергеу барысында ер адамның Kolesa.kz сайтында автокөлікті сату туралы хабарландыруды орналастырғаны белгілі болды. Автокөлік сатып алғысы келетіндер саны көп деген сылтаумен, қаскүнем көлікті сатып алмақшы болған жәбірленушіден алдын ала төлем жасауды талап еткен.
Осылайша ер адам қала тұрғынының 50 мың теңгесін заңсыз иемденген. Сонымен қатар алаяқтың ұқсас тәсілмен бірнеше елорда тұрғындарын алдағаны белгілі болды.
Аталған фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталатын болады.
Полицейлер азаматтарға сақ болуға, танымайтын, бейтаныс адамдарға ақша қаражатын бермеуге және аудармауға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.