Астанада заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан әйел анықталды
Астаналық полицейлер әлеуметтік желілерге жүргізген мониторинг барысында миссионерлік қызметпен айналысатын 49 жастағы әйелді анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Полиция департаментінің мәліметінше, ол психологиялық дайындық үйретем деген желеумен үйінде адамдарды қонақ етіп, діни сабақтар жүргізген.
Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғаны үшін аталған азаматша ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы, 1-бөлігі, 3-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материал шешім шығару үшін сотқа жіберілді, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астана қаласы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) 15 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.