Астанадағы танымал университет студенті дәретханаға жасырын камера қойып, қыздарды видеоға түсірген


Күні кеше Trends әлеуметтік желісінде Назарбаев университетінде студент жігіт дәретханада отырған қыздарды камераға түсіріп алғаны туралы ақпарат тарады. Жасырын видео түсірген жігіт жазаға тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Пост авторының жазуынша, студент жігіт дәретханада қыздарды видеоға түсіріп алған. Онда түрлі зардап шегушілер түсірілген 30 видео бар.
Осы оқиғаға қатысы Назарбаев университеті жауап берді.
«Қазіргі уақытта осы жағдай бойынша университетте қабылданған тәртіпке сәйкес ішкі тергеу жүргізілуде. Нақты дәлелдер базасы жинақталуда. Біз ешкімді дәлелдерсіз кінәлай алмаймыз. Сонымен қатар өзіңіз анықтап тапқан заңбұзушылық бойынша қандай да бір дәлелді ақпаратыңыз болса немесе куәгер болсаңыз университеттің Студенттермен жұмыс істеу департаментіне жүгінуіңіз керек еді», - деп жазды оқу орны.
Астана қаласы Полиция департаменті заңсыз әрекет жасаған студент әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында әйелдер дәретханасында заңсыз бейнежазба жасау фактісі анықталды. Заң бұзушылықты 2-курс студентінің жасағаны белгілі болды. Сұрастыру кезінде оның бөлімдер арасындағы саңылау арқылы көрші кабиналарды аңдығаны анықталды. Сот шешімі бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елорда полициясы білім беру мекемелерінде мұндай әрекеттердің орын алуына жол берілмейтінін ескертеді және мораль мен заң нормаларын сақтауға шақырады», – делінген полиция хабарламасында.
Кейінірек университеттің баспасөз қызметі видео түсірген студенттің оқудан шығарылғанын мәлімдеді. Оқу орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатаң шаралар қабылданған.



