Астанада аялдама мен үйдің қаптамасын бұзғандар анықталды
Астанада полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтады, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
5 желтоқсан күні Алматы ауданының полициясына Нәжімеденов көшесі, 52 мекенжайында жұмысшы үйдің қаптамасын сындырып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнында факт расталды. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру). Ол көп ұзамай ұсталды, болған оқиға бойынша материалдар шешім қабылдау үшін сотқа берілді.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған құқық бұзушыны анықтады, ол Кемеңгерұлы, 13 мекенжайында жылы аялдаманың ішкі қаптамасына зақым келтірді. Полиция істі қарайды.
2023 жылдың басынан бері елорда полиция қызметкерлері вандализмнің 100-ден астам фактісін анықтады. Қала бойынша күнделікті екі мыңнан астам полиция қызметкері патрульдейді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдау білдірген «Тоқта, вандал» акциясы іске асып жатыр.
Акция аясында қала бойынша күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысы жүргізіледі.