Астанада қаржы пирамидасын құрғандар сотталды


Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
«Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару»), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды. Оларға бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды», – делінген хабарламада.
Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 миллион теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылған. Сонымен қатар салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 миллион теңгеден асты.
Сонымен қатар күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 миллион теңге тұратын пәтер сатып алып, қайын енесінің атына ресімдеген. Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген. Дегенмен тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.
«Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 миллион теңге көлемінде шығынды өтеді. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді», – делінген хабарламада.



