Астанада Қазақстан мен Польша халықтарының достығы мен өзара ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған «Dostyq Run 2026» халықаралық жүгіру жарысы өтті. Польша Республикасының елшілігі мен Астана қаласының триатлон федерациясы бірлесіп ұйымдастырған жарыста қатысушылар 2,5, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Астана қаласы Триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметовтің айтуынша, биыл ұйымдастырушылар қатысушыларға ұсынылатын мүмкіндікті кеңейтіп, жарыс бағдарламасына 10 шақырымдық қашықтықты енгізген. Онлайн қатысу форматы да жүгіру бастамасына көбірек адамның қосылуына жағдай жасау үшін ұсынылған.
«Бүгін Польша Республикасының елшілігімен бірлескен «Dostyq Run» жарысын өткіздік. Негізгі қашықтықтар 2,5 және 5 шақырым. Биыл бағдарламаға 10 шақырымды да қостық. Сонымен қатар онлайн қатысу мүмкіндігін қарастырдық. Басты мақсатымыз халықтар достығына арналған жүгіруге мүмкіндігінше көп адамның қатысуына жағдай жасау. Біз үшін бұл тек спорттық жарыс емес, адамдарды ортақ идея төңірегіне біріктіретін бастама», — деді Жанат Қожахметов.

Федерацияның бас хатшысы жарыс аясында қатысушыларға сыйлықтар әзірленгенін де атап өтті. Польша елшілігі тарапынан сыйлық жиынтықтары ұсынылса, 10 шақырымдық қашықтықта ерлер мен әйелдер арасында абсолютті есеп бойынша үздік нәтиже көрсеткендерге арнайы жүлде табысталды.
Польша елшілігінің өкілі Михайл Лабенда «Dostyq Run» жарысының идеясы екі ел азаматтарының арасындағы достықты спорт арқылы нығайтуға негізделгенін айтты. Оның сөзінше, ортақ қашықтықты бірге еңсеру адамдарды жақындастырып, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа жол ашады.
«Dostyq Run» жарысын өткізу идеясы бізден шықты. Біз адамдардың тату-тәтті өмір сүріп, өзара ынтымақтастықта болғанын қалаймыз. Достық үшін бірге жүгіріп, белгіленген қашықтықты еңсеру біздің негізгі мақсатымыз. Жүгіру - адамдарды бір ортаға біріктіретін керемет спорт түрі. Осы арқылы Астана тұрғындарының, жалпы қазақстандықтар мен поляктардың арасында достық қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Мұндай кездесулер екі халықтың бір-біріне жақындай түсуіне мүмкіндік береді», — деді Михайл Лабенда.

Жарысқа Астана тұрғындары белсене қатысты. Солардың қатарында 2,5 шақырымдық қашықтықты таңдаған Нұртас және Жадыра Әлімбаевтар бар.
«Бүгінгі жарысқа 2,5 шақырымдық қашықтық бойынша қатыстық. Ұлымыз да марафондар мен жүгіру жарыстарына үнемі қатысады. Мен студент кезімде Польшада білім алғанмын. Сондықтан бұл жарысқа қатысуымның бір себебі де сол елмен байланыстың болуы. Осындай шаралар арқылы спортпен айналысып қана қоймай, екі ел арасындағы достықтың нығаюына да үлес қосуға болады», — деді ерлі-зайыптылар.

«Dostyq Run 2026» Қазақстан мен Польша арасындағы достықты дәріптеп, спортты ортақ құндылық ретінде насихаттауға бағытталды. Қатысушылар әртүрлі қашықтықта жүгіріп, халықаралық бастамаға үлесін қосты.




