Қарағанды облысында жантүршігерлік жол апатынан 3 адам көз жұмды
Үш адамның өмірін жалмаған жол апаты Қарағанды – Балқаш тасжолында болған, деп хабарлады Elorda.info.
19 қазан күні сағат 02:00 шамасында Қарағанды облысы Шет ауданында Қарағанды – Балқаш тасжолының Ақжал кентінен 10 шақырым жерде Chevrolet Cobalt автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі Қарағандыдан Балқашқа қарай жолға шыққан. Алдын ала болжам бойынша, ол ұйықтап кетіп, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Автокөлік 47 жастағы азаматтың басқаруындағы Mercedes Actros жүк көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, – деді Шет аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қуаныш Қажкеров.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Полиция қызметкерлерімен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полицейлер көлік жүргізушілерінен жылдамдықты шектен тыс асырмай, жолдың қарсы бағытына шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ түнгі уақытта жол жүргенде ұйқы келген жағдайда тынығып, демалып алып, жол жүру керектігін ескертеді.