Алматы тауларында жоғалып кеткен студенттің мәйіті табылды

11 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Алматы тауларында жоғалып кеткен студенттің мәйіті табылды
Фото: instagram.com/109_almaty

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жоғалып кеткен Нұрислам Ақылбектің қаза тапқанын растады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгін сағат 07:30-да Алматы тауларында ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары барысында ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен теңіз деңгейінен 3 мың метрден астам биіктікте адам мәйіті табылды.

Алматы қаласы құтқару қызметінің мәліметінше, құтқарушылар табылған орынға жедел түрде аттанып, мәйітті тасымалдау жұмыстарын бастады. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

«Денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылмады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

6 шілде күні сағат 11:46-да Төтенше жағдайлар департаментіне 2007 жылғы азаматтың жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

Туыстарының айтуынша, Нұрислам 2 шілдеде тауға шығып кеткен. Соңғы рет оның телефоны Үлкен Алматы шатқалы маңында тіркелген.

Айта кетейік, іздеу жұмыстарына ТЖМ РЖҚЖ мен ТЖД-ның 44 құтқарушысы, 109 Құтқару қызметі, шекара қызметі мен полиция қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ 8 техника, дрондар, 4 ит және ҚР ТЖМ авиациясы жұмылдырылды.