Ақтөбе қаласында әйелін ұрып өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

Ақтөбе қаласының №2 соты әйеліне қасақана ауыр дене жарақатын салып, оның өліміне абайсызда себеп болған тұрғынды кінәлі деп таныды. Ер адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, ер адам әйелімен жанжал кезінде оның басынан бірнеше рет ұрған. Осыдан кейін әйелдің жағдайы нашарлап, төсектен тұра алмай, үйден шықпай қалған.
Алғаш рет жедел жәрдем келгенде дәрігерлер ауруханаға жатуды ұсынған, бірақ әйел бас тартқан. Кейін жағдайы күрт нашарлаған соң, жедел жәрдем қайта шақырылып, ол ауруханаға жеткізілді. Алайда жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Сот процесі барысында бұған дейін де ер адамның әйеліне қол көтергені анықталды. Бір ай бұрын ол әйелінің бетінен бірнеше рет ұрып, әйел өзін қорғауға тырысқанда, тағы да соққы жасаған. Сол кезде де әйел құлағанымен, дәрігер көмегіне жүгінбеген.
Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, әйелдің өліміне бас миына қан құйылып, ісік пайда болуымен сипатталатын жабық бас сүйек-ми жарақаты себеп болған. Бұл жарақат өлімінен бір күн бұрын алынған және оны бір ғана қатты соққы тудырған болуы мүмкін. Сарапшылар бұл жарақат өздігінен немесе құлау нәтижесінде пайда болуы мүмкін емес екенін нақты айтты. Әйелдің қанында алкоголь немесе есірткі табылмаған.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Прокурор оған 10 жыл жаза сұрады. Алайда сот ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша оның әрекетін саралап, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Істе жеңілдететін де, ауырлататын да жағдайлар анықталған жоқ.
Сот сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасына жедел жәрдем қызметіндегі кемшіліктерді жою туралы жеке қаулы шығарды, өйткені алғашқы шақырту кезінде тиісті шаралар толық көлемде қабылданбаған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.



