955 адам қайтыс болды: Бас прокуратура жол-көлік оқиғаларының артуына байланысты дабыл қақты

Бүгін, 11:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
955 адам қайтыс болды: Бас прокуратура жол-көлік оқиғаларының артуына байланысты дабыл қақты
Фото: freepik

Бас прокуратура елімізде жол-көлік оқиғалары көбейгенін мәлімдеп, азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың 6 айында елімізде 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға артық.

Осының салдарынан 22 346 адам зардап шегіп, оның 955-і қайтыс болған.

Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі республикалық маңызы бар тас жолдарда тіркелген – 1 401. Салдарынан 3 146 адам зардап шеккен. Олардың 2791-і жараланып, 355-і қайтыс болған.

Ең көп ЖКО Алматы – 404, Ақмола – 126 және Жамбыл – 121 облыстарында тіркелген.

Жол-көлік оқиғасына кінәлілер:

-Жеңіл автокөлік (ЖКО саны – 12 046), автобус (520), мопед (438), жүк көлігі (390) жүргізушілері.

-Жаяу жүргіншілер – 428.

-Велосипедшілер – 114.

-Шағын электр көлік құралының жүргізушісі – 58.

-Электр самокат жүргізушісі – 48.

Жол апаты салдарынан жараланған балалардың саны 74,3 пайызға (3185-тен 5552-ке) дейін, көз жұмған балалар саны 7,1 пайызға (126-дан 135-ке) дейін өскен.

Қаза тапқандардың көпшілігі – Түркістан (27 адам), Алматы (17 адам), Жамбыл (9 адам) және Жетісу (9 адам) облысының тұрғындары.

Осы орайда Бас прокуратура қайғылы салдарға жол бермеу үшін азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.