Ақтөбе облысында жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті
Ақтөбе облысында жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті, деп хабарлады Elorda.info ТЖД сілтеме жасап.
Бүгін 5 наурыз күні сағат 10.30-да Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір т/ж станциясында алдын ала мәліметтер бойынша жолаушылар пойызы маневрлік локомотивпен соғылған. Салдарынан «Бішкек-Самара» бағытымен жүретін № 317 жолаушылар пойызының тепловозы, № 1 вагоны және № 2 жолаушылар пойызының үш доңғалақты жұбы рельстен шығып кетті. Оқиға орнына Қазавиақұтқару тікұшағы ұшып шығып, құтқару бөлімшелері жіберілді және ҚТЖ қалпына келтіру пойызы жөнелтілді, - делінген департамент хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша релістен шығып кеткен пойызда 200-ден астам адам болған (Қырғызстан, РФ және Қазақстан азаматтары, ҚТЖ қызметкерлері). Жолаушылар зардап шекпеген, олар пойыздың басқа вагондарына орналастырылды.
Апатқа қатысты жедел штаб құрылды. Оқиғаның себебі анықталуда.