Қарағанды облысындағы апат: Шахталарды улы қалдықтардан залалсыздандыру жұмыстары 25 жыл бойы жүгізілмеген
25 жыл бойы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша шахта қабаттарында улы заттарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбеген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына көмір шахталарының тау-кен қазбаларын қауіпсіз күйде ұстап, оларды желдетіп әрі қауіпсіздік бойынша технологиялық жұмыстарды жүргізетін қызметкерлердің штатын жасақтау қажет. Сонымен қатар, қажетті жабдықтарды белгіленген мерзімде уақтылы ауыстыруы тиіс. Яғни, бекітілген негізгі желдету құрылғыларын пайдалану мерзімі - 14 жыл. Қазіргі кезде мұнда 1970-1980 жылдардан бастап қолданылып келе жатқан желдеткіштер апатты жағдайда тұр, - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, комитет ақпараты бойынша көмір өндірілетін қабаттардағы улы газ сияқты зиянды қалдықтарды залалсыздандыру бұрғыланған ұңғымалар арқылы негізгі жұмыстар басталғанға дейін жасалуы тиіс. Ал «АрселорМиттал Теміртау» шахталарда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт қабылданған 25 жылдың ішінде аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізбеген.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі барлық аталған іс-шараларды, тәуелсіз сараптамалық ұйымдардың ұсынымдарын орындау - республиканың қауіпті өндірістік объектілеріндегі апаттар мен өндірістік жарақаттардың санын азайтуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Ленин атындағы шахтада болған апаттың барлық себептері тергеу қорытындылары бойынша анықталаталады. Сондай-ақ, осындай апаттардың алдын алу үшін тиісті іс-шаралар әзірленетінін хабарлаймыз, - делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Құзырлы орган мәліметінше, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жылына бір рет жүргізіледі. Тексеру жұмыстарының мерзімі бұрын 30 күн болса, қазір ол 15 күніне дейін қысқартылған. Комитет ақпаратына қарағанда, жыл сайын жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар саны артып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексерулерді жүзеге асыратын инспекторлық құрам штаты қысқарған. Атап айтқанда, 1640 адамнан қазіргі таңда 381 қызмекткер ғана жұмыс істейді.