Жол құрылысына бөлінетін қаражат қоғамның жіті бақылауында болуы керек – депутат

Жол құрылысына бөлінетін қаражат қоғамның жіті бақылауында болуы керек – депутат
Фото: freepik

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров AMANAT партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ірі халықаралық қорлардан несие алып, жол салып жатырмыз. Кезінде бұл мәселені несиесіз-ақ шешуге болатын еді. Түптеп келгенде, оны салық төлеушілердің есебінен, яғни бюджет қаражатынан қайтарамыз. Осыған байланысты, жол саласына бөлінетін бюджет қаражаты қайда, қалай жұмсалып жатқаны қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Әрине, жол салынбайды емес, салынып жатыр. Алайда өңірлерде, әсіресе Ақтөбе, Атырау облыстарында жол сапасына қатысты өте көп проблема бар», – деді ол.

Бұл ретте, AMANAT партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жол құрылысына, сапасына қатысты мәлімет тұрғындарға ашық айтылмайтынын жеткізді.

«Жыл сайын елімізде республикалық, өңірлік маңызы бар жолдар, көпірлер салынады. Құрылыс жұмысы жалғасып жатқан жобалар да аз емес. Өкінішке қарай, атқарылған немесе атқарылып жатқан жұмысқа қатысты ақпаратты халыққа жеткізу, қажет болған кезде жағдайды түсіндіру мәселесі әлі де кенжелеп тұр. Атап айтқанда, «Доссор-Құлсары-Ақтау» бағытындағы тас жолдың беті былтыр қырылып тасталды. Содан бері осы жол бөлігіне қатысты қандай бір жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Тұрғындарға да толыққанды түсініктеме берілмеді. Жол жөндеу жұмысын жалғастыруға қажет қаражат қашан бөлінетіні, жол құрылысы қай кезде толық аяқталатыны туралы ашық ақпарат болуға тиіс», – деді Ержан Жылқыбаев.