Депутат Мақсат Толықбай фонограммамен ән айтуға тыйым салуды ұсынды


Бұл туралы депутат Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Білесіздер, қолданыстағы заңнама бойынша фонограмманы пайдаланған кезде концерт ұйымдастырушылар «бүгінгі әнші аузын жыбырлатып, фонограммамен айтады» деп көрерменді хабардар етуге міндетті. Бұл ереже мүлдем орындалмайды. Сондықтан біз бұл заң жобасына фонограмманы пайдалануға тыйым салуды бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық. Бірақ министрлік оны қолдап отырған жоқ. Енді айтатын сылтау көп. Өңірлерде техникалық құралдардың 70 пайызы тозған дейді. Оған «жарайды» дедік. Норманы тағы да жеңілдетіп бердік. Келесідей механизм ұсындық. Егер «концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограмманы пайдалануға тыйым салынады» дедік. Бірақ бұл норма да өтіп отырған жоқ. Мен бір әншінің әнін тыңдағым келсе, YouTube-тан да, дискісін сатып алып, көлігімде де тыңдай аламын. Бірақ көрермен ақшасын төлеп, концертке барса, неге фонограммамен тыңдауға тиіс? Бұл талап орынды деп ойлаймыз», - деді депутат.
Сондай-ақ халық қалаулысы қандай жағдайда фонограмманы пайдалауға рұқсат бар екенін айтты.
«Екіншіден, тағы бізге айтатын сылтау, бұл «білікті дыбыс режиссерлері жетіспейді» дейді. Әрине, сұраныс болмағандықтан жетіспейді. Ертең фонограмманы алып тастаса, ең қымбат гонорарды дыбыс режиссерлері алады. Бұл да қиын деген соң тағы да жеңіл норма ұсындық. Егер орын жеткілікті түрде жабдықталмаған болса, онда аудиторияны міндетті түрде хабардар ете отырып, фонограмманы пайдалануға рұқсат етіледі дедік. Оған да рұқсат беріп отырмыз. Бірақ бұған да қарсы болып отырсыздар», - деді Мақсат Толықбай.