Барлық өңір республикалық бюджетке қарап отыр – Дәния Еспаева

2 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Барлық өңір республикалық бюджетке қарап отыр – Дәния Еспаева
Фото: видеодан скриншот

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Өздеріңіз білесіздер, елімізде Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары донор деп танылған. Қалған он жеті өңір субвенциялық, олар өз шығыстарын өтеу үшін республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттердің едәуір көлемін алады. Аталған үш донор өңірден республикалық бюджетке 2024 жылы 470 млрд. теңге түсті, ал республикалық бюджеттен аймақтарға субвенциялар түрінде 5,3 трлн-нан астам теңге бөлінді. Айырмашылықты өздеріңіз көріп отырсыздар. Іс жүзінде барлық өңір республикалық бюджет есебінде деуге болады», – деді Дәния Еспаева.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің кірістері соңғы 6 жылда 3 есеге өскеніне қарамастан, республикадан өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі де артып отыр. Мәселен, егер 2014 жылы субвенциялар көлемі 978 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 10 жыл ішінде 5 еседен асқан. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен әлеуметтік нысандар салу сияқты өңірлердің инфрақұрылымын құруға жұмсалатын нысаналы даму трансферттері де бар.

«Дегенмен өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі, яғни теңестіру болмай отыр», – деді ол.

Мәжіліс төрағасының орынбасары бұл теңсіздік өңірлердің ішкі өңірлік өнімі сияқты экономикалық даму көрсеткіштерінен де байқалып отырғанын атап өтті.

Мәселен бүгінде олардың арасында жан басына ішкі өңірлік өнім алшақтығы 10 еседен асады. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың кірістерді болжауына қатысты сұрақтар бар.

Жіберілетін трансферттерді есептегенде өңірлердің өз болжамдары алынады, ал бөлінетін трансферттердің көлемі соларға тәуелді екені белгілі. Бірақ мұнда нақты асыра орындаушылық байқалады, тіпті, жекелеген жерлерде 40%-ға дейін жетеді.

«Сонда бұл жоспарлаудағы қателіктер ме, әлде орталықтан үлкен қаражат алу үшін кірістер болжамын әдейі төмендету ме деген сұрақ туындайды. Бүгінгі отырыста осы сұрақтардың барлығына нақты жауап аламыз деп сенеміз», – деді ол.