Өскеменде «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі басталды

26 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Өскеменде «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі басталды
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінен

Бүгін Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік монументі жанында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Алтайдан Оралға дейін» республикалық велошерудің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, дене шынықтыру және спорт саласының өкілдері, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.

Аталған велошеруге 236 велошабандоз және Өскемендегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 200-ден астам студенті қатысуда. Іс-шара жұмысшы мамандықтарды насихаттау, еңбекке деген құрметті қалыптастыру және салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Шеру бағыты еліміздің сегіз өңірін қамтиды: Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары, Астана қаласы, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары. Велошеру 8 маусымда мәресіне жетеді деп жоспарланған.