Татарстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтеді

Бүгін, 19:02
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views40
Татарстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтеді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

26 тамызда Татарстан Республикасының Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық мемлекеттік опера және балет театрында гастрольдік сапар аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының халықаралық премьерасын ұсынады, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Аталмыш опера Алтын Орданың құрылу тарихын баяндайды. Басты кейіпкер – Хан Сұлтан, Алтын Орданың көрнекті тұлғаларының бірі, Берке ханның анасы, Жошы ханның үшінші әйелі. Өзінің ақыл-парасаты, мінезі мен саяси көрегендігінің арқасында Хан Сұлтан Алтын Орда тарихында ерекше орын алып, өз ұлдарын Жошы ұлысының белді тұлғаларының қатарына қосты.

Алтын Орданың мұрасы – түркі халықтарын біріктіретін рухани қазына. Сол себепті бұл операны сахналауға түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары елеулі үлес қосты. Ғылыми кеңесші ретінде Алтын Орда және түркология тарихын зерттеуші ғалымдар тартылды. Ал тарихи оқиғаның желісін сақтау үшін Қазақстан, Татарстан, Түркия елдерінен мамандар шақырылды.

2024 жылдың қараша және желтоқсан айларында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Ыстанбұл қаласы, Ататүрік мәдениет орталығында аншлагпен сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл қойылым түркі әлемінің мәдени мұрасын көпшілікке паш етіп, елдер арасындағы рухани, мәдени байланыстарды күшейтері сөзсіз.