Сәкеннің 3 костюміне мың оқырман таласты
Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев мүшел жасқа толғанына орай киімдерін тыңдармандарына сыйлады, деп хабарлады Elorda.info.
«Мүшел жасыма байланысты 3 костюм сыйлаймын деген уәдемді бүгін орындайын. Қаншама жандар неше түрлі ойын шарттарын ұсынды. 800-ден аса пікірден бөлек, мыңға жуық тыңдарман «Маған сыйға тартыңыз», «Балам өнерге ынтық, өскен соң киер», «Кимесек де естелік болып қалсын», «Тура менің өлшемім екен, мен алайын», деген сынды 500-ге тарта хабарламалар келіп түсті. Көлдей көңілдеріңізден айналып кетейін. Бұдан бөлек сахналық емес, күнделікті киетін киімдерімді бір-екі досыма бермекпін. Тағы қайталап айтайын, мүшелден шықсам да, мүшелге кірсем де бір Аллаға сыйынып, бір Аллаға тәуекел етіп, бір Алланың тағдырына иман келтірген жанмын. Мүшелден мүшелге аман-есен жете беріңіздер. Алла тағала бар жақсылықты нәсіп етсін. Бәріңізді құшақтадым», – деп жазды әнші.
Әншінің жанкүйерлері оған риза болып, «Мүшелден мүшел жасқа жете беруді Аллам нәсіп етсін», «Жасыңыз құтты болсын, сізді жақсы көреміз», «Жүз жасаңыз», деген сияқты тілектерін жазды.