00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елімізде балаларға арналған фэнтези жанрындағы фильм түсіріліп жатыр

4 шілде, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Елімізде балаларға арналған фэнтези жанрындағы фильм түсіріліп жатыр
фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қадам» кинокомпаниясы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ қолдауымен «Құт» балаларға арналған фэнтези жанрындағы фильм түсіріп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

 

«Қазақстанның кино нарығында балаларға арналған шетелдік туындылар басым, сол себептен болар бүгінде жас көрермендерді баурап алатын отандық фильмдер тапшы. Әсіресе, фэнтези жанрындағы фильмдердің жоқтығы ерекше сезіледі. Бұл тапшылық саланың дамымағанының көрінісі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейлік пен мәдени мұраны ілгерілету мүмкіндігінен айырылуымыз», - деп көрсетті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.

Қазақстандық балаларға арналған жаңа фантастикалық «Құт» фильмі үлкен экранға дәстүрлі фольклор мен заманауи әңгімелердің қайталанбас үйлесімін әкелу арқылы осы бір алшақтықты жоюға тырысады. Қайталанбас оқиғасы және ерекше кейіпкерлері бар бұл фильм нарықтағы жас көрермендердің жаңа буынын Қазақстанның бай мәдени мұрасын тануға шақырады.

Сюжет желісі қазақтың ата-баба рухын қастерлеу дәстүріне негізделген. Жаратушы Тәңірдің өзі өсиет еткендей, біз жерді қорғауымыз керек. Олардың сүйегі жерленген жерді қорлауға және сатуға болмайды, әйтпесе ол жерден құт-береке қашады делінген. Көне түркілердің аңыздары мен мифтерін айтып жүретін бала Қайсардың санасында бұл орныққан ұғым еді. Алайда, қасиетті Бесқарағайға көз салған алып сатарлардың кесірінен бұл жаз Қайсар, Асхат, Дария үшін өзгеше болмақ па?

«Шыны керек, балаларға арналған фильмдердің аздығы мені ойландырды. Өзіміздің бұрыннан келе жатқан аңыздарымызды, ертегілерімізді, баяғы заманда болған оқиғаларды балаларға фильм арқылы жеткізіп, түсініктерін неге тереңдетпеске? Менің ойымша, бұл бағытта фэнтези жанры керемет жанр. Ең бастысы туындымыз арқылы жас буынды саналы тәрбиелей отырып, патриотизмге баулу», - деді «Құт» фильмінің режиссері және сценарий авторы Айхан Чатаева.

Түсірілімнің негізгі бөлігі Алматы облысында Ақшы, Күрті және Бекболат Әшекеев ауылдарында өтеді. 20 мамыр басталған түсірілім жұмыстары 8 шілдеде аяқталады. Жоба режиссері және сценарий авторы - Айхан Чатаева, қоюшы-оператор - Борис Трошев.  Фильмдегі басты рөлдерге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, Максотова Айша, Тұрсынқазы Заңғар, Бегайдаров Қонысбек, Бөпежанова Әлия, Ақылбекұлы Бақдәулет түсті.

«Кино нарықтағы кішкентай көрермендердің қажеттіліктерін ескеру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі, өйткені бұл біз бен сіздің болашағымыз. Балалар киносына тек ойын-сауық контенті ретінде қарамаған жөн. Кино - бұл мүмкіндік, яғни кино арқылы біз өскелең ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, жанашырлық таныту, туған туыс пен жақынды қолдау сынды ізгі құндылықтарды жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз. Сондықтан да болар біз «Құт» фильмі арқылы жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттауға ден қойдық. Түсірілім тобымен бірге атқарылған жұмыстың арқасында, көрерменге мейірім мен шытырман оқиғаға толы туынды ұсынамыз деген сенімдеміз», - дейді «Құт» фильмінің продюсері Мәдина Дүйсембаева.