00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Дархан Мыңбай: «Рухани жаңғыру» жалаң ұранның құралына айналып кетті

Дархан Мыңбай: «Рухани жаңғыру» жалаң ұранның құралына айналып кетті
Фото: Дархан Мыңбайдың Фейсбуктегі парақшасынан

Елімізде 2017 жылы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы қабылданған болатын. Одан кейін соның жалғасы ретінде 2021 жылы «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы қабылданды (2021-2025 жылдарға арналған 10 нақты Ұлттық жобаның бірі). 

Жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдениетін, талғамын және рухын көтеру болған.  Ал бағдарлама осы жылдар ішінде діттеген мақсатын орындай алды ма? Бұл жөнінде  Elorda.info тілшісі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбаймен сұхбаттасты. 

-Дархан Қамзабекұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, одан кейін «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы болып бекітілген құжаттың о бастағы мақсаты не еді?

-Алғашқы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, шын мәнінде, бірегей бағдарлама еді. Бұл бағдарламаның ең басты жетістігі - қоғамдық сананы, ұлттық сананы өзгертуге бағытталғандығында болатын. Жалпы, адамзаттық сананы өзгертуге бастайтын дүниелер қашанда құнды. Сондықтан да болар, мұндай бағдарлама біздің елде ғана емес, кез келген өркениетті елдерде осыған ұқсайтын немесе осының кейбір элементтерін қайталайтын бағдарламалар бар. 

-Дегенмен, келе-келе бағдарламаның алғашқы мақсатынынан жаңылып қалған жоқпыз ба? Өйткені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында деген желеумен қисынға келетіні бар, келмейтіні бар іс-шаралар көбейіп кеткенін білеміз...

-Өкінішке орай, бағдарламаның құрылымы өте мағыналы болғанына және көп саланы қамтығанына қарамастан, оны жүзеге асыруда орындаушылардың, яғни атқарушы биліктің олқылықтары шаш-етектен болды деп айтуға болады. Біріншіден, олар кез келген орындалған шаруаның бәрін осы «Рухани жаңғыруға» теліп, бағдарламаның маңызын кетірді. Яғни, бұл бағдарламаны желеу етіп, барлық жерге тықпалай берудің қажеті жоқ еді. Оның нақты қарастырылған бағыттары бар, сол бағыттар бойынша жұмыс істеу керек еді деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда,  жалаң ұраннның құралына айналып кетті.

 Барлық проблема  орындау механизмінде болып тұр. Бізде  Кеңестік кезеңнен қалып кеткен «уралау», өтірік ақпар беру, әр жерге жалбыратып жазып қою жағдайлары орын алды. Мысалы, қабырғаға «Рухани жаңғыру» деп жазып қойылып, ал оның арғы жағында бұған мүлдем қарама-қарсы істердің жасалып жатуы бағдарламаның мәнін жоя бастады.  Жұрттың бұл бағдарламаға деген сенімсіздігін оятқан сияқты. Сол сіңісті болып қалған ескі орындаушылық, атқарушылықтың кесірінен бұл бағдарламаның жолы болды деп айта алмаймыз.

- Сіздің пайымдауыңызша, қайткенде бағдарлама өз-өзін ақтар еді?

-Жалпы, сананы өзгерту деген мәселе - қоғам үшін ең бірінші кезекте тұратын мәселе. Бұл -  идеологиялық жұмыс қана емес, экономикалық та жұмыс болатын. Өйткені бәрі бір-біріне байланысты ғой. Экономикамыз дамып жатса, тұрмыс деңгейі көтерілсе, әділ қоғам орнататын болсақ, елдің, расында, санасы өзгеретін еді. 

Ал ол бағдарламаны ашып, қайтадан қарасақ, көптеген жақсы дүниелер бар екенін көруге болады.  Оның ішіндегі ұлтты біріктіру, бүкіл адамзаттық өркениетті көшінен қалмау, бәсекеге қабілетті болу – бәрі де жай ғана ұран сөзбен емес, нақты істермен жүзеге асырылған болса, бағдарлама , шын мәнінде, елдің сеніміне кіретін еді, үмітін оятатын еді.

- Бағдарлама артынан ұлттық жоба болған құжаттың күшін жоюы талқыға түсуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

-Біріншіден, ресурстардың жетпегендігінен шығар. Екіншіден, адамдардың бағдарламаға деген құлшынысын оята алмағандықтан деп ойлаймын. Бұл жерде, тағы да айтайын, көп нәрсе ұйымдастыруға байланысты, ұйымдастырушылардың қателігінен, кемшілігінен көп нәрсе ойдағыдай болмады.  Сондықтан да қазіргі бағдарламаның күшін жоюы туралы қабылданып жатқан шешім дұрыс 

-Қалай ойлайсыз, болашақта осы тектес бағдарлама қабылдануы мүмкін бе? 

-Енді болашақта қалай болады десеңіз, қандай бағдарлама болса да, осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ішіндегі көп мысалдар, көп бағыттар міндетті түрде алдымыздан шығатын болады. 

 Осыған қатысты бір мысал айтып берейін. Грузиннің Нодар Думбадзе деген жазушысы болды. «Закон вечности» деген романы бар. Сол жазушы Америкаға барған кезде студенттермен кездеседі. Сол кезде жазушыға әлдекім «Соцреализм деген не?» деп сұрақ қойыпты. Ол кез -  соцреализмнің ұрандатып тұрған кезі-тін. Сонда бұл сұраққа жазушы «Біздің Советтер Одағында «Завтрак туриста» деген балық консервісін шығарады. Бірақ бір күні мен соны таңертең емес, түстік асқа жеп көріп едім, бәрібір дәмді болып шықты. «Соцреализм» дегеннің не екенін өзім біле бермеймін, бірақ негізінде дәмді екен» деген сияқты мәселені айтқан ғой. Меніңше, ең басты нәрсе - атқарылатын істе. Шын мәнінде жүзеге асырылатын болса, кез келген бағдарлама халыққа жақындай түседі, халықтың көңілінен шығады. Өйткені халықтың сенімі, үміті кез келген бағдарламадан артығырақ. Дегенмен, осы бағыттағы жаңа бағдарлама жасау керек шығар деп ойлаймын.