Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндері туралы не білеміз

15 тамыз – вальс жанрын қазақы нақышпен үйлестіріп, ұлттық музыкаға жаңа леп әкелген, қазақ музыкасының аңыз тұлғасы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген сазгердің шығармашылық қоры 300-ге жуық әнді қамтиды. Оның туындылары нәзік лиризмге, ұлттық нақышқа, қазақ даласының үніне толы, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шәмшінің өмір жолында елге кең тараған көптеген әндерінің артында әсерлі тағдырлар жатыр. Біз солардың бірнешеуінің тарихына тоқталдық.
«Менің Қазақстаным»
1956 жылы 26 жастағы Шәмші, ақын Жұмекен Нәжмеденовтің сөзіне патриоттық ән жазады. Бұл туынды кеңестік тың игеру саясаты аясында қазақ жерінің бөліну қаупіне қарсы үндеу болды. «Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді», деп кеткен екен композитор.
«Бәрінен де сен сұлу»
1960 жылдары қазақ радиосында әндері жиі шырқалып жүрген Шәмшіге радио қызметкері Мақсұт Майшекин өлең мәтінін ұсынып, әуен жазуды өтінеді. Шәмші жазған ән ел арасына тез тарайды. Кейін белгілі музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов бұл мәтіннің шынайы авторы — 1937 жылы атылған ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев екенін айтады. Сол заманда Мағжан атын атау қауіпті болса да, Майшекин: «Мұны ұрлық емес, ерлік деймін», - деп жауап береді. Осылайша, ән арқылы Мағжан жыры халыққа қайта жетті.
«Тамды аруы»
Өзбекстанның Тамды өңіріне сапарында Шәмшіні жергілікті халық ерекше құрметпен қарсы алады. Қоштасу кешінде сазгер: «Сіздерге арнап «Тамды аруы» деген ән шығарамын», - деп уәде береді. Алматыға оралған соң Қадыр Мырза Әліге Тамдыны бірнеше мәрте суреттеп түсіндіреді. Ақын сол әсермен ән мәтінін жазады. Әнді алғаш Роза Бағланова орындаған. Шәмші әр орындаушыға: «Әуенін де, мәтінін де бұзбай айтыңдар», - деп талап қоятын.
«Арыс жағасында»
Арыс бойында өскен Қалқожа есімді жігіт сазгерге: «Өскен жеріңіздің сұлуларын неге жырламайсыз?» деп сауал қояды. Бұл сөз Шәмшінің жүрегіне шоқ салады да, «Арыс жағасында» әні туады. Радио алғашында бұл әнді қабылдамаса да, Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов дуэт жазып, тыңдарманға жеткізеді.
Ол қазақ вальсінің негізін қалап, мәңгілік мұра қалдырды. Оның әр әні – халықтың жүрегінде, ал есімі ұлттық өнер тарихында алтын әріппен жазылған.
Сара Қамзаева



