«Қазақконцерт» ұйымы жаңа маусымда көрерменге не ұсынады

Бүгін, 16:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views89
«Қазақконцерт» ұйымы жаңа маусымда көрерменге не ұсынады
Фото: «Қазақконцерт» МАКҰ

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 65-концерттік маусымының салтанатты ашылуын өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Мерейлі маусым аясында өнерсүйер қауымға жол тартатын шығармашылық бағыттар мен жаңашыл жобалар ерекше. Концерттік бағдарламада отандық эстрада жұлдыздары, танымал сахна шеберлері мен жас таланттар бас қосып, таңғажайып музыкалық шоу ұсынады. Көрермендер түрлі музыкалық стильдер мен жанрларды қамтитын кең ауқымды бағдарламаларды тамашалай алады. Олардың қатарында көңіл көтеруге арналған заманауи жобалар, ұлттық музыкалық мұраны дәріптейтін қойылымдар, жанды орындауда шырқалатын әндер, заманауи эстраданың үздік туындылары, вокалдық және хореографиялық композициялар, премьералық қойылымдар, жанды дуэттер, жаңа толқын өнерпаздарының орындауындағы креативті шешімдер мен әлемдік музыка элементтері бар.

Ал 65-концерттік маусымның салтанатты ашылуында қазақ эстрадасының алтын қорына енген үздік туындылар заманауи аранжировкалармен жаңаша әрленіп, тыңдарман назарына ұсынылады. Сондай-ақ кеш бағдарламасына ұлттық және әлемдік опера, халық әндерінен попурри, отандық композиторлардың туындылары, хореографиялық композициялар, бүгінгі күннің ең танымал әндері мен музыкалық жанрларды қамтитын ерекше нөмірлер енді.

Іс-шараға Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсахаджаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Гүлсім Мырзабекова, Бибігүл Жанұзақ, Айзат Қарабек, Салтанат Ахметова, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Капонова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Исаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Алибек Альмадиев, Әділхан Макин, Аяулым Қамажан, мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ибраһим Амин, Жанна Сандыбаева, Дәрия Бекпенбет, Нұрсұлтан Әнуарбек, Жаслан Кәрім, Сұлтан Ахмет, Ақбөпе Әлібекова, Жібек Сапарғалиева, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдерінің балеті, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, SAZ&SOUL вокалды-инструментальды ансамблі, FORTE TRIO мемлекеттік триосы, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы және «Астана мюзикл» мемлекеттік мюзикл театры қатысады.

Өтетін күні мен уақыты: 7 қыркүйек, 18.00.

Өтетін жері: Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МАКҰ (Мәңгілік ел, 10/1).