Jas Republic Cup II дебат турнирінің жеңімпаздары анықталды

Астанада Respublica партиясы мен ÖzgerTeam қоғамдық қоры ұйымдастырған Jas Republic Cup республикалық дебат турнирінің финалы мәресіне жетті.
Бұл дода – елдің түкпір-түкпірінен келген оқушылар үшін ерекше әсер мен шабыт сыйлаған айрықша оқиға болды. Турнир инновациялық бағыттағы №101 «Келешек мектепте» өтті – жаңа білім беру тәсілінің символына айналған оқу орнында.
Аймақтық іріктеу кезеңдеріне 476 команда, яғни шамамен 1500 оқушы қатысты. Финалда 40 үздік команда (20 – қазақ лигасы, 20 – орыс лигасы) бақ сынады.
Жеңімпаздар:
Қазақ лигасы:
— I орын: Алматы қаласы
— II орын: Ақмола облысы
— III орын: Шымкент қаласы
— Үздік спикер: Құндыз Дәул, Ақтөбе облысы
Орыс лигасы:
— I орын: Алматы қаласы
— II орын: Астана қаласы
— III орын: Абай облысы
— Үздік спикер: Мамадалиева Жамиля, Алматы
Қазақ лигасының жеңімпаздарын Мәжіліс депутаты, Respublica фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова марапаттады. Ол өз сөзінде:
«Дебат мәдениеті дәл қазір – Президент Жолдауында айтылған парламенттік мәдениетті дамыту мен демократиялық институттарды нығайту бағыттары өзекті болған кезеңде – ерекше мәнге ие. Бұл – жастардың саналы азамат ретінде қалыптасуының маңызды бөлігі.
Respublica партиясы әрдайым жастармен бірге. Біз жастардың энергиясы мен идеялары нақты жобаларда жүзеге асуы тиіс деп сенеміз», – деді.
Орыс лигасының жеңімпаздарын ÖzgerTeam қорының төрағасы Мұрат Жұманбай марапаттады.
Ал үздік төрешілер мен спикерлерге марапаттарды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Ерлан Қалмақов табыстады.
Жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Дебат барысында қатысушылар мектеп ортасын дамыту жөніндегі өз идеяларын ұсынып, үнемшілдік мәдениеті, парламенттік реформа, цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу және жастар арасында Respublica партиясын ілгерілету сияқты өзекті тақырыптарды талқылады.
Jas Republic Cup II – оқушылар тек пікірталас жүргізіп қана қоймай, тыңдай білуді, дәлелмен сөйлеп, шешім ұсынуды үйренген алаңға айналды. Осындай ізденімпаз жастардан ел тағдырына бейжай қарамайтын жаңа буын өсіп келеді.