«Қазақконцерт» ұйымы республикалық «Серпер» ұлттық өнер байқауын өткізеді

Бүгін, 14:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Қазақконцерт» ұйымы республикалық «Серпер» ұлттық өнер байқауын өткізеді
Фото: Василий Крась

18-19 сәуір күндері Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы алғаш рет І республикалық «Серпер» ұлттық өнер байқауын өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталмыш байқау 6 номинация бойынша жүргізіледі: «Домбыра», «Қобыз», «Прима қобыз», «Шертер», «Жетіген», «Сыбызғы».

Байқау 2 кезеңнен тұрады: I кезең (іріктеу) – 2025 жылғы 26-28 наурыз аралығында онлайн форматта; ІІ кезең «Домбыра», «Қобыз», «Сыбызғы» номинациялары бойынша – 2025 жылғы 18 сәуір күні офлайн форматта; ІІ кезең «Прима қобыз», «Шертер», «Жетіген» номинациялары бойынша – 2025 жылғы 19 сәуір күні офлайн форматта өтеді.

Байқауға 18 жастан 35 жасқа дейінгі республикалық және халықаралық байқаулардың, телевизиялық конкурстардың жеңімпаздары, мәдениет және өнер саласындағы оқу орындарының студенттеріне қатысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ байқаудың ІІ кезеңіне әр номинация бойынша 10-нан аспайтын өнерпаз өтеді.

Қазылар алқасының құрамына «Қазақконцерттің» әртістері және Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері кіреді. Олар қатысушыларды орындаушылық шеберлігі, сахналық бейнесі және әртістік шеберлігі критерийлері бойынша анықтайды.

Айта кетейік, байқауға өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 10 ақпаннан 25 наурызға дейін жалғасады.

Жеңімпаздарды марапаттау 20 сәуір күні өтеді.