«Ақтау -түркі әлемінің астанасы»: концертті 100 мыңға жуық көрермен тамашалады


«Ақтау -түркі әлемінің астанасы» іс-шарасын ұйымдастырушылар жағалауда 100 мыңға жуық көрермен жиналғанын мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында маңғыстаулықтармен бірге еліміздің әр өңірінен және шет мемлекеттерден арнайы келген қонақтар бар.
Ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште түркі халықтарының ортақ мұрасын дәріптейтін хореографиялық қойылымдар көрсетілді. Мыңдаған жылдық тарихы бар көшпенділер өркениеті, бабалар мұрасы, рухани сабақтастық – бәрі де сахна төрінде жаңаша көрініс тапты.
Бағдарлама аясында халықаралық деңгейдегі өнер жұлдыздары да әннен шашу шашты. Әлемдік мега жұлдыз Димаш Құдайберген, Өзбекстанның әйгілі әншісі Юлдуз Усманова мен Әзербайжанның жұлдызы Роза Зергерли және елімізге белгілі эстрада әншісі Калифарния сахнада өнер көрсетіп, көрерменге мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кеште Ақтау аспанын ерекше таңғажайып көрініске бөлеген дрон шоуы өтті. Бір мезетте 500-ден астам дрон көкке көтеріліп, Қазақстанның туы, Маңғыстаудың табиғатына тән жануарлар мен бозжыра тауы, халықаралық шараның логотипі және қазақтың ұлттық мәдениетінің элементтері бейнеленді.
«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына арналған шаралар тізбегі 6 сәуір күні де жалғасады. Этноқалашық аумағында түркі елдерінің танымал жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ауқымды гала-концерт өтеді. Жалпы, бұл жобаға 1149 өнерпаз тартылған, оның 125-і – шетелдік музыканттар, бишілер және қолөнер шеберлері.



