00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Астана Операда» мектеп демалысы күндері бірқатар театрлық саяхат өтеді

«Астана Операда» мектеп демалысы күндері бірқатар театрлық саяхат өтеді

«Астана Операда» мектеп демалысы күндері, яғни 18-26 наурыз аралығында елордадағы мектептер мен университеттердің білім алушылары үшін бірқатар театрлық саяхат өтеді. Балаларды сахна сыртына қызықты серуен күтеді, онда олар спектакльдердің қалай жасалатынын біліп, сондай-ақ костюмерлік, аяқ киім, реквизит және бутафор цехтарында болады, деп хабарлады Elorda.info

Біз балалар мен жасөспірімдер аудиториясымен әрдайым зор құлшыныспен жұмыс істейміз. Оларға ұшы-қиыры жоқ театр өнері әлемін ашу – біз үшін үлкен қуаныш, себебі біз олардың шынайы қызығушылығын көреміз, балалар көптеген сұрақтар қояды. Бұл өте зерек аудитория. Олар өздері үшін жаңа білімді игеру ісіне тез кірісіп кетеді. Біздің театрда саяхаттар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, дегенмен оқушылар демалыс уақытын пайдалы әрі қызықты өткізе алуы үшін интенсив блогын ұйымдастырдық, – деді «Астана Опера» директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева. 

Саяхат, спектакль туралы дәріс пен сол спектакльге баруды қамтитын «Театр сабағы» тәрізді қазақ және орыс тілдерінде өтетін театрлық саяхат та танымал, бұл – «Астана Опера» жүзеге асыратын тағы бір маңызды жоба. Статистикаға сәйкес, 2022 жылы оған 1 000-нан астам елордалық оқушы қатысқан. Олармен қатар, театрға Ақмол, Шортанды кенттерінен, Бозайғыр, Қараөткел, Қорғалжын, Жібек жолы ауылдарынан, Ақкөл қаласы мен Қазақстанның басқа да көптеген өңірлерінен білім алушылар келеді. 

Айта кету керек, бұл жобалар балалардың ғана емес, ересектердің де назарын аудартады. 

Үлкендер әлеуметтік желілерде зор белсенділік танытып, театр әкімшілігіне ересектерге арналған театр сабақтарын өткізу жөнінде ұсыныс айтты. Осы ретте дирекция әлеуметтік желі оқырмандары көтерген бұл бастаманы құп алды. Өткен айда «Астана Операның» экскурсия жетекшілері осы аудиторияға арнап «Театр сабақтарын» өткізді. «Сабақ» қатысушылары әртістердің дайындық залдарын, музей мен театр цехтарын көрді. Олар мәз болып, өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында театр қызметкерлеріне деген ізгі лебіздерімен бөлісті. 

Көпшілік «театрды спектакльден бөлек қалай көруге болады?» деген сауалды жиі қойып жатады. Мұны жасау өте оңай, ол үшін сейсенбі мен жексенбі аралығында кез келген күні кассадан билет алып келуге болады. Билеттің құны ересектер үшін 2000 теңгені, балалар, студенттер мен зейнеткерлер үшін 1000 теңгені құрайды. 

Оқушылар мен студенттер үшін театр ауқымды білім беру қызметін атқарып, жаңа білімге ұмтылуға ынталандырады. Театрлық қойылымдардың ғажайып әлемі жасөспірімдердің шығармашылыққа деген көзқарасын мәңгіге өзгерте алады. Міне, сондықтан тәрбие беру ісінде оларға мән бермеуге болмайды, – деп қорытындылады Айжан Құрманғалиева.