Ресейде қазақ қайраткерлеріне арналған кітап көрмесі ашылды
Көрме Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы, Ресей ұлттық кітапханасы және жергілікті қазақ диаспорасының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға кітапхана басшылығы, қаланың қоғам қайраткерлері, Санкт-Петербург қаласында тұратын қазақ және басқа диаспоралардың өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрмеге 100-ден астам әртүрлі бірегей экспозициялар қойылды, атап айтқанда, А.Байтұрсынұлының «Qazaq» газетінің 1913 жылғы 2 ақпандағы бағдарламалық мақаласының түпнұсқасының бірінші басылымы, 1929 жылы шығарылғын М.Әуезовтің қазақ балаларына арналған «Жаңа ауыл» атты орысша әліппесі болды.
Көрмеге қатысушылар аталған іс-шараның Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екіжақты гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мен нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.