Мұрат ЕСЖАН: «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмі соңындағы 47 еңбектің тізімін текке берген жоқпыз
Ахмет тақырыбына атақ үшін барғаным жоқ
– Қазақта анау-мынаудың тісі батпайтын екі үлкен тақырып, екі ірі тұлға болса, оның бірі – Абай, екіншісі – Ахмет. Сіз осы екі тақырыпқа да түрен салдыңыз. Бұл тақырыптарға қалай бардыңыз? Кездейсоқ па, жоқ әлде үлкен дайындықпен бе? Әлде атақты адамдардың өміріне кино түсіріп атақ жинау үшін бе?
– Ахмет Байтұрсынұлы жайлы фильм түсірсем деген ойда жүргеніме он жылдан асты. Керісінше, Абай туралы фильм түсіру, Абай тақырыбына бару ойымда болған емес. Бірақ Әуезовтің «Абай жолын» жазу барысын бейнелеу арқылы кеңестік цензураны көрсетсем деген мақсатпен жүріп Абай тақырыбына ат шалдырдық. Яғни Абайдың 175 жылдығында Абай тақырыбын жанап өтіп, Абай, Мұхтар, Қайым сынды үш тұлғаны бір фильмге сыйдыруға мүмкіндік туды. Ал Ахмет туралы ерте ойландым. «Хабар» телеарнасында жүргенде «Ахмет туралы деректі фильм жасасам» деген арман болды. Өнегелі өмірінен фильм түсіруге татитын қандай тұлғалар бар десе, менің ойыма алдымен Ахмет оралатын. Кейін кино саласына араласқаннан кейін де Ахмет ойымда жүрді. Бірақ бір жөні болар деп кейінге қалдырып жүрген едім.
Фильмнің биыл түсірілу себебіне келсек, Ахаңның 150 жылдығына орай Ахмет жайлы фильм түсіру «Қазақстан» телеарнасының жоспарында болған. Бірақ олар бұл фильмді басқа адамға түсіртпек болған. Бір күні телеарна басшылары хабарласып, мәлім бір тұлғаның өмірінен фильм түсіруімді өтінді. Мен бас тарттым. «Оған ешқандай дайындығым жоқ. Ал Ахмет болса, оған келісер едім» деп едім, көп өтпей телеарна басшылары қайта хабарласып, «Айтқаныңыз болсын, Ахметті сіз түсіріңіз» деді. Өз аузымнан шыққан сөз болған соң, шегінерге жол қалмады. Екінші тұрғыдан, маған мұндай мүмкіндікті енді кім береді деген оймен тәуекел деп іске кірістім. Басқа ешқандай мақсат болған жоқ. Сондықтан маған осындай мүмкіндік берген, Ахаңдай ұлы тұлға туралы филімді сеніп тапсырған телеарна басшыларына алғысым шексіз. Олар мені қолдарынан келгенше қолдап, шығармашылық еркіндік берді. Соған дән ризамын!
Қаржы мен уақыт қос бүйірден қысты
– Фильмнің тұла бойынан көп еңбектенгендеріңіз көрініп тұр. Бірақ бір жұтаңдық тұтас фильмнің тұлғасынан қылаң берді де отырды. Ол ненің салқыны? Өренің бе, әлде уақыт пен қаржының қыспағы ма?
– Фильм соңындағы 47 еңбектің тізімін текке беріп отырғанымыз жоқ. Ол – тек бір ауыз сөзін болса да пайдаланған еңбектеріміз. Оның сыртында біз оқыған Ахаң жайлы кітаптар мен мақалалар да аз емес. Бұл жерде атақты алаштанушы Ұшқын Сайдырахманның еңбегін ерекше атағым келеді. Ол кісі Ұрлабек Нұрғалым екеуміздің қасымызда жүріп, Ахмет жайлы қандай дерек бар, соның бәрін көзімізге көрсетіп, алдымыздан өткізді. Деректерді бірге оқып, бірге талдады. Ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет апайымыз ғылыми кеңесші болды. Алаш тақырыбын жазып жүрген, Ахмет туралы деректер білетін Дихан Қамзабекұлы, Шерубай Құрманбай, Сұлтанхан Аққұлұлы, Сағымбай Жұмағұл, Ербол Тілешов, Орынай Жұбаева, Құрманғали Дәркенов, Алмасбек Әбсадық, Ерлан Сайлаубай, Ұлан Еркінбай сынды он шақты адамдармен кездесіп, кеңес алдық. Ахаңның образын ашу үшін көп нәрсені қамтуға қармандық. Бұл арада менің мақсатым өнер туындысын жасау емес. Түсірген кином телесериал немесе көркем шығарма болсын деген ой болған жоқ. Ахаң арқылы жаңалық ашайын, өзімді көрсетейін де демедім. Бар мақсатым қандай әдісті қолдансам да Ахаңның биік тұлғасын, сынбас рухын көрерменге жеткізу, осы рух арқылы көрермен жүрегіне сәуле беру болды. Сосын да біз бұл телехикаяда деректі фильмнің де, көркем фильмнің де элементтерін араластырып пайдалана бердік. Өре туралы айтарым осы. Қалғанын қазы халық өзі айтады. Ал уақыт пен қаржының қыспағын бір кісідей көрдік. Бұл фильмнің кемшілігін жасыру үшін айтып отырған сылтауым емес. Фильмде мін жоқ дей алмаймын, өзімнің де әттеген-айларым аз емес.
– Бізде қыруар қаржы бөліп, көзі тірі боксшылар туралы да фильмдер түсіріледі. Кейде дауға да ұшырап жататыны өтірік емес. Ендеше көзі тірі спортшыға сондай көп қаржы шашқан еліміз ұлты үшін жанын құрбан еткен Ахметтен қаржыны аяды ма?
– Ақшаның көп-аздығы фильмге арқау болған адамға қатысты емес. Керісінше, түсірілген еңбектерді көркем фильм және сериал деп болумен қатысты. Сериалдар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқаруымен арналар арқылы қаржыландырылады. Оның қаржысы бір бағдарламаға бөлінетін қаржыдан сәл ғана жоғары мөлшерде. Ал көркем фильм бұрын Қазақфильм арқылы, қазір ұлттық қор арқылы қаржыландырылады. Оның бюджеті өз алдына бөлек, мөлшері де қомақты. Ал Ахмет фильміне қанша бөлінгенін ашып айтпай-ақ қояйын. Біз одан қаламақы алып, пайда таппақ былай тұрсын, керісінше, минусқа кетіп, қарызға батып шықтық. Ахметке деген құрмет, жобаға деген жауапкершілік бізді соған мәжбүр етті. Қанша қиналсақ та, Ахаңның образын ашатын бір эпизод түсірілмей қалмасыншы деген тілекпен жұмыс істедік.
Шынын айтқанда, телеарна арқылы қаржыландырылған телехикаялар орташа деңгейде түсірілген көркем фильмдерге бөлінетін қаржыдан 15-20 есе аз қаржыға түсіріледі. Сосын да біз жалпы сериалды бір ай ішінде түсіріп болдық. Түсірілімнің әр күні – 1-2 миллион теңге көлеміндегі шығын. Бір күн асса, бір күн созылса – оның бәрі ақша. Сондықтан бас-аяғы 9 айдың ішінде сценарийін жазып, монтаждап бітірдік дегенмен, түсірілім жұмысын бір айға жетпейтін уақытта аяқтауға мәжбүр болдық. Көп жерде қысқа жіп күрмеуге келмеген соң, өз көңілімізден де шықпай тұрса да, қолымыз жеткенге қанағат еттік. Әйтпесе біздің де кең көсіліп, 4 маусымды түсіріп, қыруар адам жинап көрініске алар едік. Оның үстіне телехикаяларға бөлінуі тиіс қаржының лимитті мөлшері туралы қаулы осыдан 20 жыл бұрын қабылданған екен. Яғни арналар қанша маңыз берсе де, сериалға белгілі бір сомадан артық қаржы бөле алмайды. Ойлаңыз, 20 жылдан бері қаншама инфляция болды? Зат бағасы қаншалық қымбаттады? Бұл мәселені телеарналар да көтеріп жатыр.
Қасаң қағида қашан өзгереді?
– Тек сіздер ғана емес, бүкіл Қазақстанның кино саласы тарихи фильмдерді аттың жалы, түйенің қомында түсіреді де, бір қайнауы ішінде дүмбілез дүниелерді көрерменге ұсынады. Абай фильмін Абай жылының жабылуына үлгерту керек болды. Ал Ахметте неге асықтыңыздар? мүмкін кең айналып, көп толғанса, фильм мұнан да сәтті шығар ма еді?
– Біздің елде бюджеттік жоспарлау бар. Яғни ол жоспар бойынша биыл бөлінген қаржының есебі осы жылы шығуы керек. Ол келесі жылға қалуға болмайды деген қағида бар. Біздің бір жылдың ішінде бітіруге жанталасатынымыздың сыры осында. Әсілі, Ахмет сынды тұлғаларды түсіру үшін кемінде 2-3 жыл уақыт берілуі және оған күн бұрын кірісу керек еді, сонда бізде кең айналып, төрт маусымды түгел қамтуға мүмкіндік туады.
Бір қойына 500 теңге сұрады
– Әлеуметтік желіде әртүрлі пікір айтылып жатыр. «Фильмде Ахаңның туған жерінен неге бірде-бір көрініс жоқ? Неге Ахаңды білетін Торғай жақтың ақсақалдарынан пікір-кеңес алынбаған деген сөзге не айтасыз?
– Фильмде Торғай даласына қатысты екі-ақ көрініс бар. Бірі – Ахаңның балалық шағы, яғни әкесінің айдалған кезі, екіншісі – Ахаңның Амангелді батырмен кездесу барысы. Бұл екі көріністі қоссақ, бес минуттан аспайды. Ал фильм – 300 минут. Ендеше 300 минуттық фильмнің 5 минуты үшін Торғай даласына бару – біз үшін үлкен шығын. Ақшаны сол 5 минутты Торғайдан түсіруге жұмсасақ, онда Ахаңға қатысты талай көріністі түсіре алмас едік. Біз сол Торғайға барудан үнемдеген ақшамен тағы бір тарихи шындықты ашуға тырыссақ қате ме?! Екінші жағынан, біз Торғайға бармағанымызбен, оның есесіне Ахаң туралы шындыққа тереңірек бойладық. Оның үстіне бұл деректі фильм емес қой, бәрін санап көрсететін.
Ал «Торғайдың ақсақалдарынан кеңес алмады» деген сөзге келсек, жоғарыда 10 шақты кеңесшіміз болғанын айттым. Олардың біз жеріне, еліне қарап емес, Ахаңды қаншалық білетініне қарадық. Ахаңның туған жер, өскен ортасымен байланысты Б.Ілиястың «Алтын бесік», Н.Бектемісұлының «Ахмет ұшқан ұя», С.Оспановтың «Ахмет өскен ақындық орта» сынды кітаптарын да оқып шықтық. Торғайдың ақсақалдарынан кеңес алмады дейтіндей біз ойдан ештеңе жасап, тарихи шындықты бұрмалап отырған жоқпыз ғой.
– Сол тарихи шындық бұрмаланды деп отыр. Мәселен, «Амангелдіні қыпшақтың ғана батыры етіп көрсетіпті, ол халқы үшін күрескен иісі қазақтың хас батыры еді. Көтерілісте Амангелді Сардарбек болғанда, Әбдіғапар хан болып, екеуі бір майданда күрескен серіктер еді. Фильмде «Ел мені де тыңдаудан кетті» деп тұрған Әбдіғапар қалың елдің сенім артып хан сайлаған айбынды тұлғасы деп айтуға мүлде келмейді» дейді.
– Амангелдіні қыпшақтың батыры етіп көрсетті деп ағайындар өкпелеп жатса, онда алдымен Мұстафа Шоқайға өкпелесін. Мұстафа Шоқайдың «Батыр большевик Амангелді» хақында хақиқат» атты мақаласында «Амангелді мен Әбдіғапар менің де қыпшақ екенімді есіме салып, «Арғындар алашорда болып жатыр, біз қыпшақ хандығын құрайық» деп маған хат жазды» деп жазады. Сонда Мұстафа Шоқай «қазір арғын-қыпшақ боп бөлінбек түгіл, қазақ-қырғыз боп бөлінетін заман емес» деп жауап берген. Амангелді туралы Міржақыптың өзінің де батырып-батырып жазғандары жетерлік. Көтеріліс туралы ащы ақиқат іздеген адам «Яш Түркістанның» 1936 жылғы 80-81 жылғы нөмірлерін қарасын. Онда 1916 жыл туралы төрт бірдей мақала жарияланған. Бұл мәселені сіз сұрақ қойған соң ғана айтып отырмын, әйтпесе қозғау ойымда да жоқ. Фильмде тіпті де ондай мәселеге бармасымыз анық. Ал енді Амангелдінің аузынан шыққан бір ауыз сөзге келсек, қазақ жүрген жерде ру айтылмай қалатын ба еді? «Қаракерей Қабанбай» деп айтуға болмайды, ол күллі қазақтың батыры десек дұрыс па? Кеңес Одағы 50 жыл бойы дәріптеп келген Амангелді батыр сол бір ауыз сөзге бола аласарып қала ма екен? Бұған бола таласудың қажеті қанша?! Әлде сол дәуірде қазақтың алаш, большевик болып араздасқаны өтірік пе еді?! Мәселе онда да емес. Сол көріністі тіпті алмауға да болар еді. Бірақ алашордашылардың идеясын ашуда, Алиханның өкіметке әскер беріп, патша өкіметі құлағанда, дайын әскермен қазақ әскери қосынын құру сынды идеясын бейнелеуге керек болды. Шын мәнінде, Ахмет – арғынның деңгейінен, Торғайдың шекарасымен ғана шектелмеген тұлға. Оны қайта-қайта Торғайға тартудың да қажеті жоқ. Қазақ бар жердің бәрі – Ахмет рухының бесігі. Әліби Жангелдин – сол кездегі Ахаңа қарсы күштердің типтік образы. Бұл ғылыми диссертация емес. Көркемдік шындық пен тарихи шындықты шатастырмау керек.
Ал «Оншақты салт атты мен аз ғана топтан құралған» деген мәселеге келсек, біз де көп адам жинағымыз келді. Қаржының тапшылығы мен уақыттың қыспағын жоғарыда айттым. Сол көрініске көп адам шақырдық, бірақ соншалық адам ғана жинай алдық. Көбі берген ақшамызды азсынып келмей қойды. Ахаң үшін деп атын тегін берген, қара көбейтіп қатарда жүрген қазақты біз көргеніміз жоқ. Керісінше берген ақшамызды азсынып, өзімізге өкпе айтты. Олардікі де дұрыс шығар. Бірақ қаржымыздың басымызға тартсақ аяғымызға жетпей тұрғанын олар қайдан білсін?! Кейде адам көп жиналса, киіміміз жетпей қиналдық. Ат әбзелдерінің өзі аз. Бұрынғының ат әбзелдері ел ішінде мүлде азайған. Қайыс ноқта, жүген деген жоқтың қасы. Амал жоқ, алдыңғы тұрған аттарды әдемілеп ерттеп, қалғанын соның көлеңкесіне жасырдық. Мәселен, Қаппас пен Ғазымбек екеуі кетіп бара жататын көрінісінде қой айдап бара жатуы керек еді. Келіскен адамымыз тап түсіретін күні әр қойына 500 теңгеден ақша сұрады. Оған да мақұл десек, «келіскен уақытта бастамадыңдар, мен енді ана қырға жаюым керек» деп онсыз да жайып жүретін жерінен әрі айдап әкетіп қиын қылды. Амал жоқ, аузымен айтқызып көрініске түсірдік. Ең соңы көріністе де кемінде 100 салт атты, кейіннен 50-60-ақ болсын деп жоспарлағанбыз. Дайындық барысында жағдайға сәйкес ол сан кеми-кеми нақты 30 атқа тоқтап, иелерімен келістік. Таңғы төртте басталған түсірілімге соның қаншасы келді деп ойлайсыз? Төртеуі ғана. Екі ат кешігіп келді. Бөренеден келсап жасаған Судыр Ахметтің мысалындай сонымен сценарийде 100 ат деп жазылған көріністі 6 атпен түсіруге мәжбүр болдық.
Сатқындықтан сорладық
– Өзіңізге қай актердің алған рөлі көбірек ұнады? Фильмде Ахаңның түрмеде көп қинау көрмеуінің себебі неде?
– Актерлердің бәріне ризамын. Дегенмен соның арасында Қаппастың кейіпкерін атар едім. Сол кейіпкер арқылы сатқындықтың табиғатын көрсетуге тырыстық. Рөлді ойнаған Ұлан Болатбек те образды тамаша ашты.
– Сол бір Қаппастың сатқындығынан латын мен төте жазуды дауысқа салғанда, төте жазуды жақтайтындар бір дауыспен жеңілген жоқ па?
– Рас. Мысалы, осы бір дауыс басымдығы деген көркемдік әсірелеу секілді көрінуі мүмкін ғой, иә? Бұл бірақ тарихи шындық. Шешуші жиында екі тарап тең болып, соңында бір адамның дауысы латынға ауып кеткені туралы нақты дерек бар.
Ахаңның әулеті – 100 жыл қуғын көрген әулет. Ол туралы 100 сериал түсірсең де көптік қылмайды. Бірақ Ахаң дәуірінің ақиқатын ашу, әсіресе, Ахаң туралы фильм түсіру оңай емес. Ахаңа деген жауапкершілікті былай қойғанда, ол кісі туралы материалдарды сұрыптап пайдаланудың өзі оңай емес. Өйткені Абай туралы Абайдың көзін көрген кісілердің естелігі бар. Бірақ Ахметті көрген, қасында жүрген адамдардың біреуінің жазған естелігі жоқ. Атап айтқанда, Ахаң туралы деректің көбі – құжаттық деректер. Ал құжаттық деректерге таянып, фильм түсіру оңайға соқпайды.
-Абай фильмінде Қайымға қинаудың не түрін көрсетіп едіңіз, бұл фильмде Ахаңа қолың батпаған сияқты.
-Ахаң – аяулы тұлға. Сондықтан оны фильмде ұрғызып, қинатқым келмеді, аядым. Екінші жағынан, қинаудың тәсілдері Ахаңға әсер етпейтінін сол кездегі тергеушілер де білген. Ол туралы құжаттық дерек те бар. Ахаңның еден жуып жүргенінің өзі бізге ауыр тиді. Бірақ сондай бір көрініс керек болды.
Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ