Осы аптада өтетін спорттық іс-шаралар кестесі жарияланды

21 шілде, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Осы аптада өтетін спорттық іс-шаралар кестесі жарияланды
фото: Olympic.kz

Туризм және спорт министрлігі 21–27 шілде аралығында өтетін спорттық іс-шаралар кестесін ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

21–30 шілде: Тоғызқұмалақтан Әлем кубогі

Жарысқа Қазақстан, Чехия, Румыния, Түркия, Қырғызстан, Мажарстан, Польша, Аустрия, Словакия, Молдова, Болгария және Сербиядан 50-ге жуық спортшы қатысады.

Өтетін орны: Пардубице қаласы, Чехия

22–30 шілде: Семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионаты

Қазақстан құрамасы сапында 24 спортшы өнер көрсетеді.

Өтетін орны: Тбилиси қаласы, Грузия

22–29 шілде: Таеквондодан кадеттер және юниорлар арасындағы Азия чемпионаты

Еліміздің атынан 14 спортшы сынға түседі.

Өтетін орны: Кучинг қаласы, Малайзия

23–27 шілде: Байдарка мен каноэ есуден жастар және U23 арасындағы әлем чемпионаты

Бұл жарысқа Қазақстаннан 18 спортшы қатысады.

Өтетін орны: Монтемор-у-Велью қаласы, Португалия

24–27 шілде: Белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогі

Байрақты бәсекеге еліміздің 16 өңірінен 250-ге жуық спортшы қатысады.

Өтетін орны: Ақтау қаласы

25–27 шілде: Дзюдодан Grand Slam халықаралық турнирі

Халықаралық додада Қазақстаннан 7 дзюдошы татамиге шығады.

Өтетін орны: Ұлан-Батыр қаласы, Моңғолия

21–26 шілде: Phygital Games 2025 халықаралық турниріне іріктеу жарысы

Фиджитал-футбол және фиджитал-баскетбол бойынша өтетін республикалық турнирге еліміздің 6 өңірінен 16 команда қатысады.

Өтетін орны: Астана қаласы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы