Елордадағы биатлоннан «Grand Tour Biathlon» жарысына рекордтық қатысушы жиналды

Елордадағы биатлоннан «Grand Tour Biathlon» жарысына рекордтық қатысушы жиналды
Фото: Қанат Байұзақов

Астанада 3 тамыз күні биатлоннан жасөспірімдер арасындағы екінші Қазақстан Республикасының кубогы саналатын «Grand Tour Biathlon» бәсекесінің финалдық кезеңі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Grand Tour Biathlon» – Қазақстан Биатлоншылар одағының балалар спортын дамытуға бағытталған 4 қысқы, 2 жазғы кезеңдерден тұратын жобасы. Бірінші кезең – Риддерде (ШҚО), екінші кезең – Ақсайда (БҚО), үшінші кезең – Павлодар қаласы, төртінші кезең – Балкашинода (Ақмола облысы), бесінші кезең – Петропавл қаласында ұйымдастырылды.

Енді шешуші алтыншы кезең кезекті мәрте елорданың көрікті жері - Орталық саябағында өтіп жатыр. 2009-2013 жылдары дүниеге келген жас спортшылар 3-4 тамыз күндері маусымның толыққанды жеңімпаздарын анықтайды.

Жарыста Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Алматы облысы, Абай облысы, Қостанай облысы, Қарағанды облысы, Павлодар облысы, Алматы қаласы, Астана қаласынан 170-ке жуық қатысушы бас қосты.

«2024 жылы Астанада 9-11 жас аралағындағы балалар үшін тегін биатлон секциясын ашып едік. Міне, 1 жылдың ішінде бас қаламызда осы спорт түрімен айналысушылардың 90-ға жетіп отыр. Одан бөлек, 2025 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қостанай мен Көкшетау қалаларында да секциямызды іске қостық. Осының арқасында биатлонымыз жаңа сатыға көтеріліп, Астанадағы кезеңге рекордтық 9 облыс және 2 мегаполистен жиналды. «Grand Tour Biathlon» бәсекесіне қызығушылықтың артуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, Астана төріндегі қорытынды турнирден кейін үздік 5 облысқа ақшалай сыйақы беріледі. Олар бұл қаражатқа балаларға арналған құрал-жабдықтарды ала алады. Екіншіден, үздіктер Норвегиядағы «Liatoppen» балалар фестиваліне жіберіледі. Сондай-ақ, үздік 5 ұл мен 5 қыз үшін, Щучинскте «Sport Camp» ұйымдастырылады. Ол жерге атақты италиялық маман Лука Бормолина шақырылып, жасөспірімдерді өз бақылауына алады. Үшіншіден, жас бапкерлердің жұмысын бақылауға жақсы мүмкіндік. Осы орайда біз жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру мақсатында Норвегия, Аустрия, Швейцария, АҚШ құрамасының экс-бас бапкері Тронд Нистад, Норвегия әйелдер құрамасының экс-бапкері Кнут Нюстадты шақырып, бір апталық семинар өткіздік. Былтырдан бері дәстүрге айналған шарамыз бапкерлерді дамудың келесі кезеңіне өтетіне сенімдімін. Атқарылып жатқан жұмыстарымыз 2030 және 2034 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына жан-жақты жетілген, білікті резервті дайындау», - деді Қазақстан биатлоншылар Одағының бас хатшысы Манас Үсенов.

Осы орайда Астанадағы ірі бәсекеге арнайы қонақ ретінде 2010 жылғы Ванкувер қысқы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева, биатлоннан ұлттық құраманың мүшелері, IX қысқы Азия ойындарының жүлдегерлері Владислав Киреев, Әсет Дюсенов қатысты.

«2010 жылы балалар-жасөспірімдерге арнап, екі кезеңнен тұратын өз атыммен аталатын кубокты бастаған едім. Енді сол турнирдің одан да жоғары деңгейге өсіп, қатысушылардың артқаны қуантады. Бұл жердегі мақсат - жас балалардың теледидардан ғана көре алатын атмосфераны шынайы өмірде де сездіру. Жасөспірімдер кішкентай кезінен барлық сезімді бойынан өткеріп, психологиялық жағынан тұрақты болады. Олардың бала кездегі арманының орындалуына дәл осындай «Grand Tour Biathlon» жарысы өте қажет», - деп Ванкувер қысқы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева пікірін білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан Биатлоншылар Одағы үздік 5 командаға қомақты қаржылай сертификаттар табыстайды. Ең үздік спортшылар жарыстың хрустальді кубоктарымен марапатталады.

Жанкүйерлерге лазерлік мылтықпен нысанаға атуға мүмкіндік беріліп, арнайы сыйлықтар беріледі.