Жаңа цифрлық қабылдау жүйесі арқылы бірінші сыныпқа 100 мыңнан астам өтініш берілді

Жаңа цифрлық қабылдау жүйесі арқылы бірінші сыныпқа 100 мыңнан астам өтініш берілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бірінші сыныпқа өтініш қабылдау мемлекеттік қызметі OQU білім беру платформасына көшірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде аталған қызмет OQU платформасына көшірілді. Жобаны іске асыруға «Қазақтелеком» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қатысты.

Жоба балаларды мектепке қабылдау рәсімін жеңілдетуге, білім беру ұйымдарына түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және бірыңғай цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Бұрын қабылдау науқаны кезінде жүктеме артқан сәтте инфрақұрылымдық шектеу туындап, қызметтің қолжетімділігі мен ыңғайлылығына әсер ететін. Бірлескен жұмыс нәтижесінде қызметтің архитектурасы жаңартылып, өңірлер бойынша кезең-кезеңімен іске қосу енгізілді. Бұл жүктемені тең бөлуді және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етті.

Жоба 27 мамырда Астана қаласында, Абай және Жетісу облыстарында, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында басталды. 10 маусымда Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында өтініш қабылдау іске қосылды. Қазіргі таңда OQU платформасы арқылы бірінші сыныпқа қабылдау үшін 105 мыңнан астам өтініш берілді.

Ата-аналар үшін өтініш беру рәсімі айтарлықтай жеңілдеді. Авторизация eGov инфрақұрылымы арқылы ЭЦҚ, eGov QR немесе логин мен құпиясөз көмегімен жүзеге асады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіру нәтижесінде бала мен ата-ана туралы деректердің басым бөлігі автоматты түрде жүктеледі, құжаттарды қолмен тіркеу қажеттілігі жойылды. Пайдаланушы мектепті таңдап, өтінішті жолдайды. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады, нәтиже Жеке кабинетке және SMS арқылы жіберіледі.

Білім беру ұйымдары үшін де өтініштерді өңдеу үдерісі жеңілдетілді. Деректерді тексеру уақыты қысқарып, қайталанатын әрекеттер алынып тасталды, ата-аналармен өзара іс-қимылдың бірыңғай цифрлық ортасы қалыптасты.

«Бірінші сыныпқа қабылдау өтініші әрдайым ең жоғары жүктемеге ие қызметтің бірі болды, жүйелік іркілістер мәселесі жылдар бойы шешілмей келді. Қазір бұл мәселе архитектура деңгейінде толық жойылды. QazTech платформасы мен мемлекеттік жүйелермен терең интеграция – білім беру саласындағы өзге де мемлекеттік қызметтерді көшірудің үлгісі болады», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қызметті кезең-кезеңімен іске қосу және қабылдау науқанының басталу мерзімін өзгерту ақпараттық жүйе мен білім беру ұйымына түсетін жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік берді.

«Алдыңғы жылдары бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, оқу үдерісімен қатар жүретін. Бұл кезеңде мектептер бір уақытта әрі оқу процесін жүргізіп, әрі ата-аналардың өтінішін қабылдайтын. Білім беру ұйымдарына түсетін қосымша жүктемені азайту үшін Оқу-ағарту министрлігі қабылдау науқанының басталуын 27 мамырға ауыстырды. Бұл мектептердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үдерісін сапалы жүргізуге мүмкіндік берді», – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Еске сала кетсек, биылғы оқу жылында 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтады.