Жамаладен Ибрагимов: Жаңа Конституция ұзақмерзімді тұрақтылық пен қоғамның әл-ауқатын арттыруға арналған

Жамаладен Ибрагимов: Жаңа Конституция ұзақмерзімді тұрақтылық пен қоғамның әл-ауқатын арттыруға арналған
Фото: Жамаладен Ибрагимовтің жеке мұрағатынан

Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесінде жаңа кезең басталмақ. Жаңа Конституция елдің басқару тетіктерін жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағытын айқындауға бағытталған өзгерістерді қамтиды. Конституциялық реформалардың мәні мен қоғамға ықпалы туралы заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Elordainfo.kz тілшісіне осындай пікірін білдірді.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Конституция елдің саяси жүйесіне, мемлекеттік басқару тетіктеріне және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктеріне бірқатар өзгеріс әкелмек. Заң ғылымдарының докторы бұл өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталды.

«1 шілдеден бастап күшіне енетін Конституция Қазақстанның дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, мемлекеттің билік тармақтарының тепе-теңдігі, тежемелі принциптері нығаяды. Екіншіден, біздің мемлекеттің саяси-құқықтық құрылымының архитектурасы өзгереді, яғни біздің мемлекетте алғашқы бір палаталы кәсіби құрылтай сайланады. Үшүншіден, мемлекеттік билік тармақтарының ішінде ешқандай белгілі бір билік тармақтарына кірмейтін жаңа институт – вице-президент институты енгізіледі. Бұл – біздің мемлекеттегі саяси биліктің тұрақтылығы үшін қажет жаңа институт деп айта аламыз.

Төртіншіден, әрбір қазақ елі азаматының, әсіресе аймақ тұрғындарының мемлекетті басқару құқығын жүзеге асыруға қатысты жаңа конституциялық консультативтік орган – Халық кеңесінің құрылуы. Міне, осы Халық кеңесіне мүше болу арқылы қазақ елінің әрбір азаматы өзінің мемлекеттік басқару құқығына араласуды толық пайдалана алады, құрылатын бір палаталы құрылтайға болашақтағы халық үшін, азаматтар мүддесі үшін қажетті заңдардың жобасын ұсына алады, мемлекеттегі саяси тұрақтылық, ішкі қоғамдық қарым-қатынастардың дамуына өз үлесін қоса алады. Сондықтан да біздің азаматтар енді өздерін болашақта сайланатын құрылтайға мүше болу ретінде, Халық кеңесінің мүшесі болу ретінде мемлекеттің дамуына тікелей араласа алады», – деп атап өтті Жамаладен Ибрагимов.

Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды өзгерістер енгізеді.

«Жаңа Конституция мемлекеттегі азаматтардың құқықтары мен заң үстемдігіне ықпал жасайды. Өйткені Конституциялық реформа жасаудағы басты себептердің бірі – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын нығайту болатын. Сондықтан әр азаматтың құқықтарының қорғалып қана қоймай, оның болашақта еркіндігін жүзеге асыруына мемлекет атынан кепілдік беріледі», – деді ол.

Конституциялық өзгерістер аясында азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Сарапшының пікірінше, жаңа нормалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әр адамның заң алдындағы қорғалу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

«Оны атап айтатын болсақ, жаңадан енгізілген Миранда принципі, яғни құқық қорғау өкілдері ең алғаш азаматты тоқтатып, белгілі бір өздерінің көзқарасын білдірген кезде, оның не үшін күдікті болуы мүмкін екенін, сол орайда құқығын түсіндіреді. Одан кейін олардың үндемеуге, сұрақтарға жауап бермеуге құқығы бар екенін айтады. Себебі ол айтылған сұрақтар мен жауаптарға қатысты көзқарасын болашақта тергеу мен сот кезінде оған қарама-қарсы айғақ ретінде қолдануы мүмкін. Содан соң, заңгер алуға және хабарласуға құқығы бар екенін, яғни ең қажетті алғашқы базалық процедуралық құқықтарын түсіндіреді. Міне, осындай Конституциядағы нормалар біздің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтады.

Ешкім соттың заңды үкімінсіз кінәлі болмайды. Сонымен қатар адамның жауапкершілігін күшейтетін, қатайтатын заңдардың кері күші болмайды. Керісінше, адамның құқығына қатысты жағдайды жеңілдететін заңдар болса, ол заңдар азаматтарға қатысты қолданылады», – дейді Жамаладен Ибрагимов.

Конституциялық өзгерістердің бірі – экономикалық даму мен инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған жаңа тетіктердің енгізілуі. Бұл өзгерістердің кәсіпкерлік ортаға әсері туралы сарапшы өз ойын айтты.

«Жаңа Конституцияда қарастырылған өзгерістер мемлекеттегі инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлікті дамытуға жақсы әсерін тигізеді. Өйткені Конституцияның 5-бабы 6-тармағында ҚР жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында арнайы құқықтық режим немесе қарқынды дамитын қалаға арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін деп көрсетілген.

Осы арнайы құқықтық режимде мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктері көзделуі мүмкін деп жазылған. Міне, осы жаңа баптағы норма мемлекеттегі экономикалық дамудың және инвестициялық дамудың қарқындылығын арттырады деп ойлаймын. Бүгінгі таңда жаңадан құрылатын экономикалық қарқынды дамуға арналған қала деп «Alatau city» қаласын мысалға келтіруге болады. Осы қаланың өңірінде болашақ инвесторларға арналған барлық арнайы құқықтық режимдер орнатылады. Ол салықтық жеңілдіктер, оларға қатысты сот жүйесінің ерекше бір принциптері, мемлекеттік басқарудың өзге де режимдері болуы мүмкін.

Сондықтан да бұл жаңа нормалар экономиканың инвестициялық ахуалының дамуына әсер етеді. Сонымен қатар біздің елдегі мемлекеттік меншіктің, жеке меншіктің, қоғамдық меншіктің мемлекет тарапынан қорғалуы, жеке меншіктің адамдардың мүдделеріне қызмет етуіне қатысты баптар да осы мәселелерді реттейді деп айтуға болады. Сондай-ақ, егер де мемлекетте айқын бағыты белгіленген мемлекеттік билік тармақтары жұмыс істейтін болса, мемлекеттік билік тармақтарының құзыреті, атқаратын міндеті қоғамға, азаматтарға ашық болса, бұл принцип біздің елге қатысты инвесторлардың да тартымдылығын арттырады деп ойлаймын», – деп атап өтті Жамаладен Ибрагимов.

Жаңа Конституция елдің ұзақмерзімді дамуы мен қоғамдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өзгерістерді қамтиды. Конституциялық реформалардың қоғамның әл-ауқатына және мемлекеттің болашағына ықпалы ерекше назар аударуды қажет етеді.

«Жаңа Конституция, әрине, ұзақмерзімді тұрақтылық пен қоғамның әл-ауқатын арттыруға арналған. Бұл Конституцияға 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциядан ерекше жаңа баптар мен нормалар енгізілген. Атап айтатын болсақ, біздің мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі – білім, ғылым, инновация екендігі. Яғни, енді біздің еліміз мемлекеттің ең басты капиталы ретінде шикізат көздеріне, алтын, алмаз, вольфрам сияқты сирек металдарға емес, адам капиталына мән береді. Нақтырақ айтқанда, адамның білімі, азаматтардың ғылымға деген талпынысы, сол ғылым мен білімді және инновацияны арттыру арқылы елге қызмет етуінің арқасында мемлекетіміздің даму қарқыны артады деген ұстаным белгіленді. Сондықтан да бұл Конституция, әрине, мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығына арналған деп айтуға болады. Себебі Конституцияда біздің мемлекеттегі тұрақтылық, ұлтаралық қатынас, қоғамдық бірлік ең басты құндылықтар ретінде белгіленген», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ, Жамаладен Ибрагимов әділетті мемлекет қалыптастыру мәселесіне назар аударды.

«Әділетті мемлекет құру мақсатында заң мен тәртіп принципі орнықтырылады. Бұл қазақ елінің әр азаматының құқығы мен бостандығын қорғап, олардың елімізде жайлы өмір сүруіне, адал еңбек етуіне жағдай жасап, кейін сол азаматтардың зияткерлік әлеуеті арқылы қосқан үлесін мемлекет болашақта өзінің қарқынды дамуына толыққанды пайдалана алады деп айтуға болады. Сол себепті жаңа Конституция – болашақтағы тұрақтылыққа, еліміздің азаматтарын жаңа белестерге, жаңа үлестерге бағыттайтын ең жоғары заңдық күші бар заң деп толық айта аламын», – деп түйіндеді ол.

Авторы: Мадина Ізекенова