Жалған ақпаратқа қарсы орталық шілдеде тараған фейктерге шолу жасады
Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы 2026 жылдың шілде айында теріске шығарылған жалған ақпараттарға шолу дайындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
1. Иранның Бендер-Аббас қаласындағы “қазақстандық портқа” жасалған соққы.
ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ:
Ирандағы Шахид-Раджаи портының инфрақұрылымы және қазақстандық көлік-логистикалық жобаға бөлінген жер учаскесі соққыға ұшыраған жоқ және ешқандай зақым келмеген. Жоба іске асырудың бастапқы кезеңінде, инфрақұрылым нысандарының құрылысы әлі басталған жоқ.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Бұл жалған ақпарат ұғымдарды алмастыру әдісі арқылы таратылған. Жарияланымдарда болашақта іске асырылатын инвестициялық жоба қазіргі өзінде жұмыс істеп тұрған «қазақстандық порт» ретінде көрсетілген. Соның салдарынан оқиғаның ауқымы жасанды түрде ұлғайтылып, Қазақстан мүдделеріне нұқсан келді деген жалған түсінік қалыптастыру мақсатты көзделген.
2. Ресей Федерациясындағы нысандарға шабуыл жасау үшін Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшырылды.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Мұндай мәлімдемелер арандатушылық сипатқа ие. Қазақстан өз аумағын, әуе кеңістігін және инфрақұрылымын басқа мемлекеттерге қарсы іс-қимылдар үшін пайдалануға жол бермейді.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Бұл сияқты манипуляциялық хабарламалар ең алдымен сыртқы саяси резонанс тудыруға бағытталған. Олардың мақсаты – Қазақстанды халықаралық жанжалға тартылған ел ретінде көрсету және ел ішінде, одан тыс жерлерде де сенімсіздік тудыру. Мұндай ақпараттық операцияларға эмоциялық реңктің жоғары болуы және тексеруге келетін нақты айғақтардың болмауы тән.
3. Ресей Федерациясы Қазақстаннан бензин жеткізу туралы ресми сұраныс жолдады.
ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ:
Ресей тарапынан ешқандай ресми өтініш түскен жоқ. Экспорттауға мүмкіндік тек ресми өтініш болған жағдайда және ішкі нарықтың мүддесіне нұқсан келтірілмеген жағдайда ғана қарастырылуы мүмкін.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Бұл манипуляция ықтималдықты нақты факт ретінде көрсету принципіне негізделген. Теориялық тұрғыда мүмкін болатын сценарий қабылданып қойған шешім ретінде ұсынылып, оқиғаның алдын алу мүмкін емес деген жалған пікір тудырған.
4. Жанармайды шетелге экспорттау салдарынан Қазақстанда жанар-жағармай материалдарының тапшылығы туындайды.
ҚР ҮКІМЕТІ:
Ішкі нарық жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген, мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. ЖЖМ-ны заңсыз әкетудің жолын кесу бойынша қосымша шаралар қабылдануда.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Мұндай хабарламалар жанармайға сұраныс артқан кезеңдерде жиі пайда болады. Олардың мақсаты – жасанды тапшылық күту сезімін қалыптастыру, бұл өз кезегінде дүрлігуді тудырып, қоғамдық мазасыздықты күшейтуге қауқарлы.
5. Салық органдары азаматтардың жинақтарын тұрақты бақылау үшін олардың банктік шоттары мен депозиттеріне қол жеткізе алады.
ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ:
Салық органдары жеке тұлғалардың банктік және депозиттік шоттарына нақты уақыт режимінде қол жеткізе алмайды және азаматтардың жинақтарына бақылау жүргізбейді.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған хабарлама мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін асыра көрсетуге және азаматтар үшін маңызды болып табылатын жеке қаржы мәселелерін пайдалануға негізделген. Әдетте заңнаманың жекелеген нормалары немесе талқыланып жатқан бақылау шаралары толық әрі жаппай бақылау тетігі ретінде бұрмаланып түсіндіріледі. Мұндай ақпарат негізсіз үрей тудырып, «қаржүйесіне деген» сенімсіздікті қалыптастырады. Ал шын мәнінде, мемлекеттік органдардың құқықтық өкілеттіктері қолданыстағы заңнамамен және банк құпиясын сақтау талаптарымен қатаң шектелген.
6. «Қордай» шекаралық өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы талапқа сай емес жағдайда тұр.
ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ:
Тексеру жүргізілді, аталған мәліметтер расталған жоқ.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Бұл жағдайда оқиғаның мән-жайын объективті бағалауға мүмкіндік бермейтін фото және бейнематериалдар қолданылған (видео фильтр арқылы жасалуы мүмкін). Мемлекеттік рәміздерге қатысты жарияланымдар аудиторияның эмоциялық реакциясын тудырып, әлеуметтік желілерде белсенді түрде таралады.
7. Жолаушылар орындығындағы пакетке «қауіпсіздік белгісі тағылмағаны» үшін жүргізушіге айыппұл салынды.
АЛМАТЫ Қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Алдыңғы жолаушылар орындығында тұрған пакет заң бұзушылық нысаны болып табылмаған және ол салынған айыппұл туралы қаулыға ешқандай қатысы жоқ.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Мұнда ақпаратты контекстен бөліп алу арқылы манипуляция жасаудың кең таралған тәсілі қолданылған. Ресми материалдардың мазмұны бұрмалану, оқиғаны сенсациялық түрде түсіндіруге және мемлекеттік институттарға деген сенімсіздікті қалыптастыруға бағытталған.
8. Ақмола облысындағы дала өртін сөндіруге қатысқан өрт сөндірушілер толыққанды тамақпен қамтамасыз етілмеген.
СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ЖӘНЕ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТЖД:
Жеке құрам құрғақ азық-түлік жиынтығымен, ауыз сумен және ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар өртті сөндіруге қатысушылар үшін қосымша ыстық түскі астар мен сусындар ұйымдастырылды.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған хабарламалар мемлекеттік органдардың жұмысы туралы теріс пікір қалыптастыруға және қоғамдық резонанс тудыруға бағытталған эмоциялық сипаттағы жазбалар мен фотоларға сүйеніп жасалған.
9. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап автокөліктерге салынатын кедендік баж салығы өсті.
ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ:
Қолданыстағы кедендік баж салықтарының мөлшерлемелері өзгерген жоқ және Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне сәйкес бұрынғы тәртіппен қолданылуын жалғастыруда.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Манипуляциялық жарияланымдарда қауесетті нақты бір күнтізбелік күнге таңу әдісі қолданылған. Нақты күнді («1 шілдеден бастап») көрсету аудиторияның сенімін арттырып, ақпаратты тексергенге дейін оның жылдам таралуына түрткі болады.
10. Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік жойылады.
ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:
2027 жылдан бастап өтемақы төлемдерінің бір түрін жүзеге асыру тетігі ғана өзгереді. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік күшін жоймайды. Өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуға және азаматтардың инвестициялық портфельді басқарушыны өз бетінше таңдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған хабарламалар зейнетақы заңнамасындағы жекелеген өзгерістерді қате түсіндіруден туындайды. Жекелеген өтемақы төлемін жүзеге асыру тетігіндегі өзгеріс бүкіл мемлекеттік кепілдік жүйесінің жойылуы ретінде көрсетіледі. Нәтижесінде заңнамадағы техникалық сипаттағы өзгерістер мемлекет пен салымшылар алдындағы міндеттемелерінен бас тартқандай әсер қалыптастыратындай етіп бұрмаланады. Мұндай манипуляцияларда нормативтік өзгерістердің нақты мазмұны эмоциялық сипаттағы түсіндірумен алмастырылып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты негізсіз алаңдаушылығын күшейту көзделеді.
11. Алматы облысында суармалы судың тапшылығынан 100 гектар егістік алқабы қурап қалды.
ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ:
Су беру штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр, су ресурстарының тапшылығы туралы мәліметтер расталған жоқ.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған хабарламалар халықтың құрғақшылық кезеңіне байланысты шынайы қауіп-қатерлерін өз мүддесіне пайдаланады. Нақты цифрлар мен жергілікті географиялық атауларды қолдану, расталған деректердің жоқтығына қарамастан, хабарламаны анағұрлым сенімді етіп көрсетеді.
12. 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар адамдар үшін қосымша бюрократиялық рәсімдер енгізіледі.
ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:
Ешқандай жаңа бюрократиялық рәсімдер енгізілмейді. 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар адамдар екі жылда бір рет жүргізушіге арналған медициналық тексеруден өтуі тиіс. Тексеру нәтижелері ақпараттық жүйеде автоматты түрде көрсетіледі, сондықтан азаматтардан қандай да бір қосымша әрекет жасау талап етілмейді.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған хабарламалар мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу тәртібіндегі өзгерістерді қате түсіндіруден туындайды. Ведомствоаралық деректер алмасуды автоматтандыру азаматтарға жаңа міндеттер мен шектеулер енгізілгендей көрсетілген. Алайда іс жүзінде енгізілген өзгерістер рәсімдерді жеңілдетуге, қажетті құжаттар санын қысқартуға және мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін оңтайландыруға бағытталған.
13. ІІМ-нің ведомстволық білім беру ұйымдарына талапкерлердің SMS-хабарлама арқылы оқуға қабылданғаны туралы.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Талапкерлердің оқуға қабылданғаны туралы тарап жатқан SMS-хабарламалардың ҚР ІІМ-не ешқандай қатысы жоқ және шындыққа сәйкес келмейді. Қабылдау науқаны әлі жалғасып жатыр. Конкурстық іріктеудің барлық кезеңі аяқталғаннан кейін қорытынды нәтижелер талапкерлердің Qyzmet Police ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинеттерінде жарияланады.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Мұндай алаяқтық схемалар талапкерлер мен олардың ата-аналарының қабылдау науқанының нәтижелеріне деген жоғары қызығушылығын пайдаланады. Мемлекеттік органның атынан жалған хабарламалар тарату арқылы азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтуге, жеке деректерін енгізуге немесе оқуға қабылданғанын растау сылтауымен өзге де әрекеттер жасауға итермелейді.
14. Жалпы құны шамамен 32 млрд теңгені құрайтын вакциналарды сатып алуға екі тендер негізсіз өткізілді.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Вакциналарды сатып алу Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесін қамтамасыз ету аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Сатып алу көлемі балалар саны, иммундау кестесі, қолда бар вакцина қорлары, олардың жарамдылық мерзімі және денсаулық сақтау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті резерв ескеріле отырып айқындалады.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Бұл жағдайда себеп-салдарлық байланыстарды алмастыруға негізделген манипуляциялық тәсіл қолданылған. Вакцина сатып алу көлемі тек бала туу көрсеткішімен қате байланыстырылған. Алайда жоспарлы иммундау жүйесі бірнеше жас санатын қамтиды және вакциналарға қажеттілік медициналық көрсеткіштердің жиынтығы негізінде есептеледі. Мұндай жарияланымдар мамандандырылған ақпаратты біржақты әрі үстірт түсіндіру арқылы денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіреді.
15. Тараз қаласында автокөлікке атыс қаруынан оқ атылды.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Автокөліктің зақымдануы спорттық рогатканы қолдану салдарынан болған. Мүлікті зақымдау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған хабарламалар ресми тексеру аяқталмағанға дейін тексерілмеген ақпаратты тарату салдарынан туындайды. «Атыс» немесе «қару қолдану» сияқты сөздерді пайдалану оқиғаның эмоционалды қабылдануын арттырады. Ал, іс жүзінде жағдай хабарламада айтылғандай қорқынышты немесе драмалық емес, әлдеқайда қарапайым болып шығады.
16. Петропавл ЖЭО-2-де ірі апат болып, электр энергиясының ұзақ уақытқа өшірілу қаупі туындады.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ:
Станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, апаттық жағдайлар тіркелген жоқ, жабдық өндірістік кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Бұл жағдайда «анонимді ақпарат берушілер» тәсілі қолданылған, бұл аудиторияда «жақын адамдардан алынған сенімді ақпарат» деген жаңсақ пікір қалыптастырады. Хабарламалар жеке чаттар арқылы жылдам тарап, халық арасында негізсіз дүрбелең мен алаңдаушылық туғызуға есептелген.
17. Саяси партияны қолдағаны және бұқаралық іс-шараға қатысқаны үшін ақшалай сыйақы төленеді.
JAQ.ORTCOM:
Жарияланымда бейнесі пайдаланылған азамат бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып, оның шындыққа сәйкес келмейтінін өз оқырмандарына хабарлады.
JAQ.ORTCOM ТҮСІНДІРМЕСІ:
Жалған жарияланымдар ақпараттық манипуляцияның бірнеше белгісін қатар қамтиды: танымал тұлғалардың бейнесін олардың келісімінсіз пайдалану, материалдық сыйақы уәде ету және азаматтарды шұғыл әрекет етуге итермелейтін мазмұн қалыптастыру. Мұндай тәсілдер аудиторияның эмоциясына әсер етіп, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетін төмендетуге бағытталған.