Ақтауда су басқан көшелерден 10 мың текше метр су шығарылды

Бүгін, 12:35
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақтауда су басқан көшелерден 10 мың текше метр су шығарылды
Фото: Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаштың тапсырмасына сәйкес, қала аумағында толассыз жауған жауын салдарынан жолдарға жиналған суды сору жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коммуналдық қызмет мамандары мен арнайы техникалар бірнеше аумақта күшейтілген режимде жұмыс істеп, жол қозғалысына кедергі келтірген жаңбыр суын сорып шығарды.

Атап айтқанда, жұмыстар 17 және 18А-шағын аудандардың қиылысында, «Хазар базары» аумағында, 29 және 29А, 13 және 15, сондай-ақ 11 және 14-шағын аудандар аралығында жүргізілді.

«Су сору жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып, жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілді», - делінген хабарламада.

Күндізгі және түнгі ауысымдарда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қала аумағынан жалпы 10 мың текше метрге жуық жаңбыр суы сорылып шығарылды.

Қазіргі уақытта қала аумағындағы жағдай жауапты сала мамандарының бақылауында. Жаңбыр суын сору және жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.

Еске салсақ, Астанадағы өрт кезінде 25 адам құтқарылды.