Ақмола және Павлодар облыстарында республикалық жолдарда қозғалысқа шектеу енгізіледі

8 қараша, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақмола және Павлодар облыстарында республикалық жолдарда қозғалысқа шектеу енгізіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше республикалық автожолда көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, 8 қарашада сағат 17:20-дан бастап ауа райының бұзылуына байланысты Ақмола және Павлодар облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдардың бірқатар учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізіледі.

Шектеу жазғы дөңгелектермен жабдықталған көліктің барлық түріне қатысты.

Атап айтқанда, Ақмола облысында:

«Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автожолының 18-232 шақырым аралығында (Астанадан Щучинск қаласына дейін);

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 16-200 шақырым аралығында (Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейін) қозғалыс шектеледі.

Ал Павлодар облысында аталған бағыттың 200-254 шақырым аралығында, яғни Ақмола облысының шекарасынан Шідерті кентіне дейін көлік қозғалысына шектеу қойылады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, жол қозғалысын 2026 жылғы 9 қарашада сағат 09:00-де қайта ашу жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Жол жағдайы мен қозғалысқа қойылған шектеулер туралы қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығынан тәулік бойы алуға болады.

Еске салсақ, ҚазАвтоЖол жүргізушілерге қысқы жолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.