Геннадий Головкин Дакарда қазақстандық жас спортшылармен кездесті

8 қараша, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Геннадий Головкин Дакарда қазақстандық жас спортшылармен кездесті
Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Дакарда (Сенегал) IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып жатқан қазақстандық спортшылармен жүздесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰОК-ке сілтеме жасап.

ҰОК басшысы жас спортшылармен және бапкерлер құрамымен әңгімелесіп, оларға қолдау көрсетті. Сондай-ақ маусымның басты додасында сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді.

Кездесу барысында Геннадий Головкин мұндай деңгейдегі жарыстарға қатысудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жасөспірімдер Олимпиадасы жас спортшыларға халықаралық тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады.

Бұған дейін Геннадий Головкин Дакарда Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентримен де кездескен болатын.

Айта кетейік, Дакардағы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан 18 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда қоржынымызда екі медаль бар. Дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын жүлде иеленсе, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медаль жеңіп алған еді.

Еске салсақ, Павлодар облысы ТЖД қызметкері Аида Аблаева ММА-дан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.