«Самұрық-Энерго» биыл 19,5 шақырым жылу магистралін жөндеу жұмыстарын жүргізеді
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысында өткен жылыту кезеңінің қорытындылары мен алдағы маусымға арналған жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша 2026 жылғы жөндеу науқаны аясында компаниялар тобындағы энергетикалық нысандар бойынша 111 негізгі жабдықты жөндеу көзделген, оның ішінде 19-ы – күрделі жөндеуден, 5-еуі – кеңейтілген жөндеуден және 87-сі – ағымдағы жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта жөндеу нысандарының: 26%-ы аяқталды, 14%-ы жөнделуде, қалған 60%-ы кестеге сәйкес жүргізіледі.
Негізгі инвестициялық жобалардың ішінде:
Екібастұз ГРЭС-1: өнімділігі сағатына 2,8 мың тонна отын беру жүйесін реконструкциялау (2026 жылғы желтоқсанда іске қосу) және биіктігі 270 метр жаңа түтін мұржасын салу.
Алматы: ЖЭО-2-ден Батыс жылу кешеніне дейінгі 19,5 шақырым жылу магистралін реконструкциялау; осы жылы 4,3 шақырым құбырды монтаждау жоспарланған.
Екібастұз ГРЭС-2: апаттық істен шығу қаупін болдырмау үшін 2026 жылдың қазан айына дейін 15,5 шақырым күл шығару жүйесін толық ауыстыру жобасы жүргізілуде.
«Самұрық-Энерго» стансалары еліміздегі электр энергиясының үштен бірін өндіреді. Қазіргі таңда «Самұрық-Энерго» компаниясы тұрақты пайдалану дайындығын қамтамасыз ете отырып, ағымдағы және күрделі жөндеуді толық көлемде жүргізу үшін қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуде», - деді басқарма төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін елімізде электр энергиясын өндіру артқаны туралы жаздық.