Қазақстан 13,9 млн тонна астық пен ұн экспорттады
«Қазақстан темір жолы» мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйек - 2026 жылғы 30 шілде аралығында еліміз 13,9 млн тонна астық пен астық баламасындағы ұнды экспорттаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға көп. Өткен жылы осы кезеңде шетелге 12,4 млн тонна өнім жөнелтілген болатын.
Экспорт көлемінің өсуіне Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жөнелтілген өнім көлемінің артуы ықпал етті. Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 36%-ға өсіп, 5,8 млн тоннаны, Қырғызстанға – 35%-ға өсіп, 528 мың тоннаны, Ауғанстанға – 57%-ға өсіп, 2,4 млн тоннаны, Түрікменстанға – 32%-ға өсіп, 220 мың тоннаны құрады.
«Жүк тасымалы көлемінің артуы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар бұл экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі екенін айғақтайды», - деп хабарлады ведомствода.
Еске салсақ, елімізде 1,3 млн тонна астық бастырылды.