Президент пен Вице-Президент ішкі саясаттың басым бағыттарын талқылады

Президент пен Вице-Президент ішкі саясаттың басым бағыттарын талқылады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент Ерлан Қаринді қабылдап, ішкі саясаттың басым бағыттары мен Президент тапсырмаларының орындалуы жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Ерлан Қарин конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жобасын іске асыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Сондай-ақ «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу, этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Кездесу соңында Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыс пен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуы қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық, бірлік және азаматтардың ортақ мақсат жолында жұмылуы елдің қарқынды дамуына негіз болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы World Aquatics президентімен су спортын дамытуды талқылағанын хабарлаған едік.