Елімізде өкпе ауруларын ерте анықтау жұмыстары күшейтілді

Елімізде өкпе ауруларын ерте анықтау жұмыстары күшейтілді
Фото: pexels.com

Ұзақ уақытқа созылған жөтел, ентігу немесе тыныс алудың қиындауы өкпе ауруларының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге уақтылы қаралып, қажет болса спирометриялық тексеруден өту маңызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

14 қазан – Дүниежүзілік спирометрия күні және Өкпе саулығы күні. Осыған орай елімізде тыныс алу жүйесі ауруларын ерте анықтау бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның тоғыз өңірінде 400-ден астам медицина қызметкері спирометрия жүргізу бойынша практикалық оқудан өткен.

Спирометрия – өкпенің жұмысын бағалауға арналған зерттеу әдісі. Ол тыныс алу қызметіндегі бұзылыстарды анықтауға, соның ішінде бронх демікпесі мен өкпенің созылмалы обструкциялық ауруын (ӨСОА) диагностикалауға көмектеседі.

Ауруды ерте анықтау қажетті емді уақтылы бастауға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Оқыту барысында медицина қызметкерлері спирометрия жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, зерттеу нәтижелерін түсіндіруді және күрделі клиникалық жағдайларды талдауды үйренген.

Практикалық сабақтар бейінді мамандардың қатысуымен өңірлерде ұйымдастырылды. Оларды Ұлттық респираторлық медицина қоғамы мен «Астана» медицина университетінің Респираторлық медицина ғылыми-зерттеу институты өткізді.

Денсаулық сақтау министрлігі ұзаққа созылған жөтел, ентігу немесе тыныс алудың қиындауы байқалса, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Қажет болған жағдайда дәрігер спирометрия немесе басқа да диагностикалық зерттеулер тағайындайды.