Референдум-2026

Полиция ескертеді: Ашық терезе қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін

Полиция ескертеді: Ашық терезе қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін
Фото: ЖИ

Өткен демалыс күндері Астанада кішкентай баланың терезеден құлап кеткен кезекті оқиғасы тіркелді. Бесінші қабатта орналасқан пәтердің жатын бөлмесінің терезесінен екі жасар бала құлап кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, бала терезе алдына шығып, москит торына сүйенген кезде терезеден құлап кеткен. Сол сәтте анасы басқа бөлмеде үй жинап жүрген. Осылайша, кішкентай бала біраз уақыт ересектердің тікелей бақылауынсыз қалып, ашық тұрған терезеге жақындаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тексеру жүргізілуде. Балаға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Бұл жағдай кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмелерде қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салады. Москит торы қорғаныс құралы болып саналмайды және баланың салмағын көтере алмайды.

Кішкентай балалар биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін толық түсіне бермейді. Олар кереует, диван, орындық немесе басқа да жиһаздардың көмегімен терезе алдына оңай шығып кетуі мүмкін.

Пәтерде ересектердің болуы баланың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпейді. Баланың қауіпсіздігіне үнемі бақылау жасау және терезеге қол жеткізу мүмкіндігін барынша шектейтін жағдай қалыптастыру арқылы ғана кепілдік беруге болады.

Астана полициясы ата-аналарды кішкентай балаларды тіпті бірнеше минутқа да қараусыз қалдырмауға шақырады. Терезелерге арнайы блокираторлар, бекіткіштер немесе терезе жақтауының өздігінен ашылуына жол бермейтін шектегіштер орнату қажет. Сонымен қатар кереует, диван, орындық, тумба және баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін басқа да жиһаздарды терезеден алыс орналастырған жөн.