Астана қаласында және еліміздің басқа да өңірлерінде «Pitbullshop» Telegram-дүкені арқылы есірткі заттарын жүйелі түрде сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде 25 пен 40 жас аралығындағы бес күдікті анықталып, ұсталды. Топ мүшелерінің арасында міндеттер нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор ретінде интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны ілгерілетумен айналысқан. Ал 25 және 40 жастағы екі ер адам есірткі заттарын өлшеп-орап, жасырын орындарға орналастыруға жауапты болған. Топтың тағы бір мүшесі есірткіні бөлшек сауда арқылы өткізіп, жаңа курьерлерді тартқан.
Тергеу барысында топтың қылмыстық әрекеті кезінде шамамен екі мың жасырын орын ұйымдастырылғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың жалпы айналымы 90 миллион теңгеден асқан.
«Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталды. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркіледі. Сонымен қатар қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша қаражаты және қылмыстық әрекетте пайдаланылған өзге де заттар тәркіленді», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп танып, топ ұйымдастырушысын 17 жылға, қалған төрт қатысушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Көліктегі полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады. Жеңіл әрі жылдам табыс табуға уәде беретін ұсыныстар, соның ішінде курьерлік жұмыс түріндегі хабарландырулар адамдарды есірткі заттарының заңсыз айналымына тарту үшін пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан белгісіз заттар мен бұйымдарды сақтау, тасымалдау немесе жасырын орындарға орналастыру туралы күмәнді тапсырмаларды орындауға келіспеңіздер.
Еске салайық, бұған дейін есірткі зертханаларын ұйымдастырған күдіктінің Ресейден экстрадицияланғаны туралы жаздық.