Елордадағы мектепте «Заң сақшылары: School Ambassadors» атты жоба басталды
Астанада Төлеген Айбергенов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте құқықтық мәдениетті арттыру мен жол жүру ережелерін насихаттауға бағытталған «Заң сақшылары: School Ambassadors» атты ауқымды жоба қолға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жобаның басты мақсаты – оқушылар арасынан белсенді көшбасшыларды іріктеп, олар арқылы мектепте қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Бұл жоба оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, мектеп ортасында жауапкершілік сезімін күшейтуге бағытталған.
Кездесуге Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Арман Тоғызбаев, «Байқоңыр» ауданы ПД жеке құраммен жұмыс бөлімінің бастығы Данияр Беспаев, Патрульдік полиция мамандандырылған батальонының аға инспекторы Мырзахан Ғабдулов, инспектор Еламан Ихсановтар арнайы келіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шарада «Жас сақшылар» жол ережесі туралы танымдық бейнеролик көрсетілді. «Жас шекарашылар» сыныбы жоғары деңгейдегі саптық дефиле көрсетіп, дайындықтарын паш етті.
Мектептің «Жас сақшылары» белсенді жетекшілері бастауыш сыныптарға барып, оқушыларға жол жүру ережесінің маңызды тұстарын, көшедегі қауіпсіздік шараларын егжей-тегжейлі түсіндірді, сондай-ақ қауіпсіздік ережелері жазылған арнайы жадынамалар таратты.