Елімізде электрондық жүк құжаттарын біріктіру ұсынылды

Елімізде электрондық жүк құжаттарын біріктіру ұсынылды
Фото: видеодан скрин

Қазақстанда жүк тасымалы құжаттарын рәсімдеуге арналған цифрлық платформаны жетілдіру ұсынылды. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерқанат Мұсылманбек Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қаржы министрі Мәди Тәкиевке жолдаған депутаттық сауалында жүйедегі бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың айтуынша, 2026 жылғы 1 маусымда Көлік министрлігі Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін (ЕСУТД) іске қосқан. Алайда техникалық ақаулар мен жүк тасымалына қатысушылардың өтініштеріне байланысты жүйені енгізу 2027 жылғы маусымға дейін тоқтатылған.

Ерқанат Мұсылманбек цифрлық платформаның тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін бірнеше мәселені атап өтті. Атап айтқанда, ауылдық жерлердегі интернет байланысының әлсіздігі құжаттарды уақтылы рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығы жеткіліксіз болғандықтан, кәсіпкерлер бір мәліметті бірнеше рет қолмен енгізуге мәжбүр.

Бұдан бөлек, шалғай елдімекендерде жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізетін лицензиясы бар мамандар жетіспейді.

Депутат келтірген Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жүк тасымалдау және жеткізу қызметімен айналысатын 138 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар.

Осыған байланысты Ерқанат Мұсылманбек цифрлық көлік платформасын кәсіпкерлер қолданатын 1С, ERP және WMS есеп жүйелерімен біріктіруді ұсынды. Бұл мәліметтерді қайта енгізу қажеттілігін жоюға мүмкіндік бермек.

Екінші ұсыныс интернет болмаған немесе техникалық ақау туындаған жағдайларда құжаттарды кейіннен енгізу мүмкіндігін қарастыруға қатысты. Сондай-ақ кәсіпкерлерді өздеріне байланысты емес техникалық мәселелер үшін жауапкершілікке тартпау қажеттігі айтылды.

Үшіншіден, депутат жүйені толық іске қоспас бұрын тасымалдаушылардың, жүк жөнелтушілер мен алушылардың және мемлекеттік органдардың қатысуымен кең көлемді сынақ жүргізуді ұсынды.

Төртіншіден, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатты (СНТ) және тауар-көлік жүкқұжатын (ТТН) бір электрондық тасымалдау құжатына біріктіру мәселесін пысықтау қажеттігін көтерді.

«Біздің міндетіміз – құжаттарды жай ғана электрондық форматқа көшіру емес. Негізгі мақсат – тасымалдау процесіне қатысушыларға қосымша кедергілер тудырмайтын, сенімді әрі тәжірибеде тексерілген цифрлық платформаны қалыптастыру», – делінген депутаттық сауалда.

Ерқанат Мұсылманбек көтерілген мәселелер бойынша тиісті министрліктерден жазбаша жауап беруді сұрады.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің 16 сағаттық оқу жүктемесін бекітуді ұсынған еді.