Елдімекендердің кеңеюі: Құрылтай депутаты кәсіпкерлердің құқығын қорғауды сұрады

Елдімекендердің кеңеюі: Құрылтай депутаты кәсіпкерлердің құқығын қорғауды сұрады
Фото: видеодан скрин

Қазақстанда елдімекендердің шекарасы кеңейіп, тұрғын үй құрылысы жүргізілгендіктен, бұрыннан заңды жұмыс істеп келе жатқан кейбір кәсіпорын қызметін тоқтату қаупіне тап болған. Бұл мәселені Құрылтай отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Мейраш Шынасилова депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың айтуынша, партияға құм, қиыршық тас, саз және басқа да құрылыс материалдарын өндіретін шағын және орта бизнес өкілдерінен өтініштер түсіп жатыр.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елдімекендер аумағында және оған іргелес 1000 метр қашықтықта жер қойнауын пайдалану жұмыстарына тыйым салынған. Алайда кейбір ауылдың ресми шекарасы нақты айқындалмаған. Ал елдімекен аумағы кеңейген жағдайда бұрыннан жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарына шектеу қойылуы мүмкін.

«Барлық қажетті рұқсат құжаттарын бұрын белгіленген тәртіппен рәсімдеп, қомақты қаражат инвестициялаған, техника сатып алып, инфрақұрылым жүргізген және өндірістік базалар салған кәсіпкерлер өз бизнесін жабу туралы талаптарға тап болуда», – делінген депутаттық сауалда.

Мейраш Шынасилова мемлекет рұқсат берген қызметке инвестиция салған кәсіпкерлер кейін қабылданған аумақтық жоспарлау шешімдерінің салдарынан шығынға ұшырамауы тиіс екенін атап өтті.

Осыған байланысты депутат Үкіметке елдімекендердің шекарасы кеңейгеннен кейін кәсіпорындарға шектеу қою тәжірибесін жан-жақты талдауды ұсынды.

Сондай-ақ бұрыннан заңды жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін арнайы заңнамалық тетіктер әзірлеу қажеттігін көтерді. Атап айтқанда, кәсіпорын қызметін жалғастыру мүмкіндігін қарастыру, өтпелі кезең белгілеу және өндірісті тоқтату қажет болған жағдайда мүліктік мәселелерді реттеу ұсынылды.

Бұдан бөлек, депутат мемлекеттік органдардың жер учаскелерін беру мен елдімекендердің шекарасын айқындау кезіндегі іс-қимылдарын үйлестіру мәселесіне назар аударды.

Ол республика бойынша осындай жағдайларды түгендеп, елдімекендердің шекарасын өзгерту және тұрғын үй құрылысын жоспарлау кезінде қолданыстағы өндіріс орындарын міндетті түрде ескеруді сұрады.

Бұған дейін Құрылтай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімді ратификациялағаны хабарланған еді.